Барша адамзат үшін 9 мамыр – бейбіт өмірі, жарқын болашағымыз үшін жауға қарсы сұрапыл соғыста жеңіс үшін айқасқа түскен ерлеріміздің ерлік символы.
Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай 1924 жылдың 10 мамырында Көксу ауданы Балпық би кентінде дүниеге келген. Жеңіс күнінде өзінің ғасырлық тойын бірге атапа өтпек. 1942 жылы Мұқыры орта мектебін бітірген соң, әскер қатарына шақырылады. Сол жылы Аягөз қаласындағы кіші командирлер дайындайтын 6 айлық курстан өтіп, сержант атағын алып, кіші командир болады.
Содан 1943 жылы Түркіменстаннның Мары қаласына пулеметшілер училищесінің офицерлер даярлайтын бір жылдық курсына оқуға жіберіледі. Курста жауынгерлерге саяси сабақпен бірге, салмағы 65 келі, 2 метрлік ірі калибрлі станокті пулемет құрылысы үйретіледі. Старшина атағын алған ол соғысқа сұранады. Алайда, 15 старшинаны ешқайда жібермей, іріктеп, 3 ай бойы жаттығыулар жасатып, соғыс тәсіледеріне үйретеді.
Айтуынша рота командирінің бұйрығымен автоматшылар бөлімшесінің командирі етіп тағайындайды. Өз қарамағына берілге 37 жауынгерді 3 ай бойы түрлі әскери жаттығуларға дайындап, мерзімі аяқталған соң бөлімшесімен майдан даласына аттанады. Поезд немістер басып алған аймақта келіп тоқтайды. Бұдан әрі Шығыс Пруссия елдерінің ( Литва, Латвия, Польша, Эстония) жерлерін жаудан азат етуге қатысты.
1944 жылдың 22 қаңтарындағы шайқаста екі қолынан жараланып, Мәскеу қаласындағы госпитальға жатып 6 ай емделіп, II топтағы мүгедек болып елге қайтады.
Мәскеу қаласында Жуковтың басқаруымен өткен Жеңіс шеруіне қатысады.
Бейбіт өмірде Сәрсенбай Қаңтарбай атамыз еңбектен қалмады. Педагогикалық училищені бітіріп, білім саласында еңбек етті.
Быжы ауылдық кеңесінде хатшы, есепші болып қызмет жасады. Пошта және байланыс саласында қажырлы еңбек жасап, 1980 жылдары зейнеткерлікке шықты.
Бәтиха апа екеуі 9 бала өсіріп, 25 немере, 49 шөбере сүйді. Атаны бүгінде немересі Нұралы Сәрсенбай қарап отыр.
Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне берілген «Ерлігі үшін» медалі, I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Еңбек ардагері», «Астананың 10 жылдығы», Ұлы Отан соғысының мерейтойлық медальдары өңірінде жарқырайды.
Қазіргі таңда «Көксу ауданының Құрметті азаматы». Ұрпақ қамқорлығын көрген батыр атамыз 100 жасы мен Жеңістің 79 жылдығын көруге талпынып отыр. Сүйегі асыл аталарымыз аман болсын!
Отан соғысының ардагері «Бізбен қатар аттанған боздақтардың тең жарымы Жеңіс жолында мерт болды. Отан үшін отқа түсіп аман қалдым. Арманым жоқ. Біз көрген соғысты, қасіретті ұрпағымыз көрмесін» ,- деп елге амандық пен тыныштық тіледі.