Шаһарымыздың І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қарттар күні» мерекесіне орай «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты ардагер әншілер байқауының Гала концерті өтті.
Ақсақалы бар ел азбайды. Аға буын ежелден кемеңгерлігімен, әділдігімен елдің жағдайын реттеп, қоғамдық-саяси өмірде белсенді болып келеді. Соның арқасында қазақ өз тұғырында қалып, беделін бекемдей түсті. «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз абзал»,- дейді Ататүрік. Қазақ баласы салт-дәстүрлерді туғаннан бойына сіңіріп, ұрпақтан-ұрпаққа тәлім-тәрбиесі, әрекеттері арқылы жеткізіп, өзінің ұлттық бейнесін сақтап қалған. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп, елдіктің діңгегін нығайтатын ұлттық құндылықтарымызды дәріптей түскен.
«Арқалы ауыл ақсақалымен баянды» дегендей, шараның шымылдығын ашқан Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков кеңестің атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. Бүгінде Талдықорған қаласындағы зейнеткерлер саны 28 мыңнан асқан. 5 ірі ардагерлер орталығы, 6 филиал тұрақты түрде жұмысын жалғастыруда. Талдықорған қалалық ардегерлер кеңесі зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайларына көңіл аударумен қатар үлкендердің басын қосып, жастар арасында тәлім-тәрбие жұмыстарына белсене араласуда. Оған дәлел, осы құрылымдардағы ата-әжелер әр аймақтағы оқу орындарымен, кітапханалармен және мәдени ошақтармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сонымен қатар ақсақалдардың бастамасымен қоғам мен мәдениет саласына сүбелі үлестерін қосып, бүгінде арамыздан озған қайраткерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында 44 азаматқа арналған «Құрмет тақтасы» олардың тұрған үйлеріне, еңбек еткен ғимараттарына орнатылды. Өнерлі қариялар ұлы сазгер – Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай, қазақ вальсінің королі-Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына, Ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби-мәдени шараларға белсене араласып, «Батагөйлер сайысы», «Қолөнер – халық мұрасы», «Термешілер байқауы» сынды түрлі рухани сайыстарда бақтарын сынады. Спорт саласында да белсенділік танытып, салауатты өмір салтын насихаттаудан жалыққан емес. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы-бүгінде ардагерлердің сүйікті ордасы санатында. Өнер – ең алдымен ұлтты танытады.
Биыл қаламызда тұңғыш рет «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты әншілер байқауы өтті. Байқаудың мақсаты-халқымыздың дәстүрлі және заманауи әндерін жергілікті өнерпаздардың орындауында дәріптей отырып насихаттау. Халық арасында танылмай жүрген талантты ардагерлердің өнерін көпшілікке таныстыру. Олардың орындау шеберлігі арқылы ән дәстүрді жаңғырту, ұлттық болмысты нығайту болып табылады. Байқаудың іріктеу жарысына қаламыздың әр аумағынан 58 өнерпаз ардагер қатысты. Іріктеу сынынан сүрінбей өткен 17 үздік ардагер әншілер байқауының қорытынды Гала-концертінде көрермендерге жүрек тебірентер әндерінен шашу шашып, өнерге деген ыстық ықыласымен тәнті етті. Оқалы шапан киген ақсақалдар мен ақ кимешекті әжелеріміз сахна төріне шыға келгенде бүкіл жан-дүниеміз тебіреніп, ұлттық рухымыз күшейе түскендей күй кештік. Ақсақалдарымыздың өнерге деген құлшынысы-өміршеңдіктің, рухани биіктіктің белгісі. Адам бойындағы табиғи дарынды жасырып қалу мүмкін емес. Жастары ұлғайса да, жалыны басылмаған ардагерлер шынайы шеберлік үлгісін танытып, жүректерінен шыққан әр әнді көрермен жүрегіне сіңіре білді. Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Көксу ауданының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, байқауға қазылық жасаған Дина Нұрғалиқызы байқаудың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тебірене отырып атап өтті. «Ардагер-лердің арасындағы белсенді азаматтар Еркін, Өтенай ауылы тұрғындары, қаланың ішіндегі бірнеше пәтер иелері кооперативтерінің төрайымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, өнерлі жандарды табуға үлестерін қосты. Үлкен сахнаға шығуды ойламаған ата-әжелердің дауыстары қандай керемет! «Гәккуді» шырқаған әжеміз Күләш Байсейітовадан кем түспеді. «Қарлығашты» нақышына келтіре орындаған апамыз музыкалық кәсіби білімі болмаса да, әнді сауатты орындап шықты. «Қарлығаш» әні Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абай» операсында қолданған әні. Айта берсек, бүгін өнерлерін көрсеткен барлық ата-әжелерімізге таңдайымызды қағып, тамсандық. Бәрі де ерекше құрметке лайықты»,- деді. «Мереке құтты болсын, ағайын! Қарт болудың өзі үлкен бақыт-түсінгенге. Халқымыздың қаншама асыл перзенттері, аяулы қыздары біз секілді 70-80 жасқа келмек тұрмақ, 60-қа да келмей кетті ғой. Оған қарағанда, тәубә, көрген-білгенімізді, жиған-тергенімізді жастарға айтып келе жатырмыз. Арасында осылайша ән де саламыз. Бұдан өткен бақыт бар ма. Концерт өте сәтті өтті. Оған үлес қосқан барлық азаматтарға зор алғысымды білдіремін»,- деген қоғам қайраткері, танымал ақын, жазушы Әміре Әрін қатысушыларға құрмет ретінде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас!» әнін тебірене орындап берді. Халқымыздың рухани мұрасын насихаттап жүрген ардагерлерге Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің атынан «Ықылас гүлі» тарту етілді. Байқау қорытындысында Рая Доспанбетова Бас жүлдені иеленсе, Ардақ Ибраимова – 1 орын, вокалды-аспапты «Ретро» және «Трио»тобы – 2 орын, Дарияш Көңбай, Тұрсынғазы Жаманкөзов, Асхат Исатаев – 3 орын жүлделерімен марапатталды. Қалған барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды. Үлкенге қарап бой түзеуге үйренген халықпыз. Көргендігімен көсем, өнерге жаны құмар ардагерлердің өнері жас буынға теңдесі жоқ өнеге. Қарттық-шығармашылықтың жаңа тынысы болуы мүмкін. Шынайы өнер жасқа қарамайды, керісінше адамды жасартады. Жүректеріңізге әжім түспесін.
Гүлжанат Нұршанова





























