Ерлік ешуақытта ұмытылмайды

211

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранда аналардың құрғамаған көз жасы,  әкесіз өскен баланың мұңы жатты.

Кеңес кезіндегі Отан үшін болған майданда әрбір төртінші адам көз жұмды. Бұл қилы да  қиын заманда, КСРО халықтары бірігіп, жанқиярлық көзсіз ерлік пен татулықтың  арқасында жауға тойтарыс бере алды. Қазіргі ұрпақ ашық аспан мен бейбітшілік сыйлаған сол батырларға ризашылық білдіруіміз керек. Ерлік ешуақытта ұмытылмауы тиіс.

Талдықорғандық Төлеубай Шектібаев 1925 жылы дүниеге келген. Семей өңірінің Жарма ауданындағы 7-сыныптық оқуды аяқтаған тұста сұм соғыс басталған. Соның кесірінен білімін жалғастыра алмады.

Еңбекке ерте араласып, майдан үшін күн демей, түн демей ауыл шаруашылығы жұмысын атқарды. Ал жасы 18-ге толғанда әскери комиссариатқа барып, әскер қатарына алынды. 1943-1944 жылдары дайындықтан өтіп, Қиыр Шығыс шекарасында, Амур маңайында шайқасқа кірісті. Белорус майданының құрамында болып, Венгрияның Балатон көліне дейін неміс басқыншыларынан тазартуға қатысты.

1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-ші атқыштар дивизиясы құрамында Жапон әскерлеріне соққы береді. Содан Харбин қаласын азат етіп, ерлік пен батылдық танытады.

Жеңіс туын желбіретіп елге оралады. Қол қусырып қарап отырсын ба, қайтадан шаруашылықты көтеру жұмысына кірісіп кетеді. Семейдегі ауыл шаруашылық техникумында білім алады. Еңбек ете жүріп сырттай Алматы зооветеринарлық институтында оқиды. Мал шаруашылығының өркендеуіне үлес қосады. Ауылда экономист, партком хатшысы, кеңшар директоры, кеңес төрағасы қызметтерін абыройлы атқарады.

Ал, құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін, 2006 жылдары Талдықорған қаласына қоныс аударады. Қазіргі таңда  атаның 7 баласынан  12 немере,  11 шөбересі қамқорлығына алған атамыз ғасырлық тойға жақындап қалды.  Оның өңірінде 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және де басқа мерейтойлық төсбелгілері жарқырайды. «Немере, шөберелер аман болсын. Аспандары ашық, өмірлері жарқын болсын»,- дейді майдангер.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз