Жетісу облысындағы 55 мектеп пилоттық режимде «Starlink» технологиясына қосылуда. Соның ішінде Көксу ауданындағы 4 мектеп бүгінгі күні аталмыш технология арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Еске салсақ, жуырда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жетісулық мектептерге 55 терминал жеткізген болатын.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, республика көлемінде пилоттық жоба аясында интернетке қосылатын 2 мың ауылдық мектептің ішіне Жетісу облысының мектептері де енгізілген.
«Бұл жобаға облыстан 55 мектептің тізімін ұсындық. Соның 5-еуі Ақсу ауданында, 15-і Алакөл, 1-еуі Ескелді, 11-і Қаратал, 6-уы Кербұлақ, 8-і Көксу, 4-еуі Панфилов, 5-еуі Сарқан ауданында орналасқан ауыл мектептері. Осы мақсатқа 65,9 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні Көксу ауданының Мәмбет, Талапты, Қабылиса, Мұсабек ауылдарындағы мектептерге Starlink технологиясының терминалдары орнатылып, интернет қосылды. Мамыр айының аяғына дейін қалған 51 мектептің қосылуы жоспарланып отыр», — делінген басқарманың хабарламасында.
Осындай игілікке қол жеткізген мектептердің бірі — Көксу ауданы Қабылиса ауылындағы Қабан жырау атындағы орта мектеп. Бұл шағын жинақталған мектепте қазір 170 оқушы білім алса, оларға 30 мұғалім білм береді. Осы шағын білім ордасы бүгінде сапалы интернеттің игілігін көре бастады. Мектеп директоры Қуандық Мұхаметченовтің айтуынша, арнайы мамандар тиісті құрылғыларды шатырға және информатика кабинетіне қойып берген.
— Бұған дейін мектеп «Қазақтелеком» АҚ-ның интернет байланысына қосылған еді. Оның жылдамдығы баяу болды. Ал «Starlink» технологиясының интернетінің жылдамдығы қазір 150 Мбит/с жетіп отыр. Мұғалімдер инфорамтика кабинетіндегі интерактивті тақтаны қолданып, Zoom платформасында онлайн сабақтар өткізіп, оқушылар ноутбукпен ғаламтордан сабаққа керекті қосымша мәліметтерді іздеп, интернетті толыққанды қолдана бастады. Сапалы интернет білім беру сапасына да өз әсерін тигізеді, — дейді Қ. Мұхаметченов.
Еске салсақ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елдің үш аймағына 250-ге жуық Starlink терминалын жіберген болатын. Соның ішінде Жетісу облысына 55 терминал жеткізілген еді. Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі Интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жетеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі