Кешелі бері Жетісу жұртшылығы ғана емес, күллі қазақ бөркін аспанға лақтырып, қуанып жатыр. Себебі қасиетті де киелі қазақ даласында туған қаршадай ғана жас талант – Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның әншісі Алмагүл БАТТАЛИЕВА еліміздің Көк Туын сонау Беларусь Республикасында желбіретті. Ол «Витебскідегі Славян базары» XXXIV Халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері атанды.
Шоқ гүлдер ұстап, қуаныштан жүздері бал-бұл жанған Алмагүлдің туған-туыстары, Жетісу облысынан арнайы келген әріптестері, өнерсүйер қауым қазақтың жеңімпаз қызын Алматы әуежайынан сән-салтанатпен, ерекше ықыласпен қарсы алды.
Кіл мықтылармен өнер көрсетіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, өзгелерден оқ бойы оза шапқан өнерпаз статуэтка мен арнайы дипломын аяулы анасына табыстап, керемет көңіл күймен қарсы алған көпшілікке алғыс айтты.
– Елімнің құрметі – бәрінен қымбат. Мен сегіз мәрте қатысып, биыл ғана жеңіске қол жеткіздім. «Қазақстан» дегенде бәрі бірден «Димаш» деп қуанды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болды. Тіпті Гран-при иегері атанған соң Димаш Құдайберген бірден хабарлама жіберіп, құттықтады. Қуанышымда шек жоқ. Өте ризамын. Маған сенім артқан әрбір жанға рахмет айтамын.

Финалда «Вечность» композициясын орындап, көрерменді талантымен тәнті етіп, көпшіліктің көңілінен шығып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған жерлесіміз байқау қорытындысы бойынша 137 ұпай жинап, фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Алмагүл Қайратқызы кез келген халықаралық жарысқа Туды өзімен бірге алып барады екен. Ол: «Әр жарысқа міндетті түрде Тумен барамын. Жеңсем де, жеңілсем де Туды ұстап тұрамын. Себебі көрермен біздің Көк Туымызды көруі керек. Біз өнерден құр алақан халық емеспіз. Біздің болмысымыз тұнған өнер. Сондықтан текті халықтың тектілігін үнемі өзгелер көрсе деймін. Бұл – менің жеке ұстанымым. “Славян базарында” жыл сайын қазақтың Туы желбіресін деп тілеймін. Менің мансаптық жолымдағы үлкен жетістігімнің басы осы болмақ. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Әлі талай жоспар да, мақсат та бар. Осы байқауға қатысуға қолдау білдірген Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясына, ұстазым Меруерт Мүсірәліге, жақындарыма рахмет айтамын. Бұл жеңіс – командалық жұмыстың жемісі», – дейді әнші.
Алмагүл Батталиева – Алматы қаласында бірлігі мен берекесі жарасқан отбасында туған. Бала күнінен ән айтуға ынтық болған. Баласының вокалдық қабілетін байқаған ата-анасы музыкалық білім алудың жолын қарастырып, өнерге баулыған.
Әуежайға таңмен таласа келген ақ жаулықты анасы – Гүлнар Батталиева қуаныштан көз жасына ерік беріп, перзентінің жетістігіне қуанған әр жанға ақ батасын беріп жатты. «Баласы бәйгеге шапса, анасы тақымын қысады» демекші, Алмагүлдің анасы қызын тағатсыздана күткен көпшілікке аналық жүрегімен алғыс айтты.
– Бір күні үйге кірсем, басына бас киім киіп алып, қолына таяқ ұстап, «Бригада» фильміндегі әнді айтып отыр. Көргенде жылап отыр ма деп шошып кеттім. Байқасақ, тәп-тәуір ән айтады екен. Содан бірден музыкалық білім алу керек деп іске кірістік. Алмагүл – үйдің кенжесі. Есімін атасы қойған. Кішкентайынан сахнада өскен қызым әр жарысқа ерекше дайындалады. Алмагүлдің жарысы біткенше жүректен жүрек қалмайды. «Жолың болсын, қызым!» деп аналық батамды беріп, жүрегім езіліп, дұға жасап, экранның ар жағында уайымдап қала беремін. Ал бұл байқауда барлық қазақ Алмагүлдің тілеуін тіледі. Шүкір, қызым қазақты әлемге танытып, жеңіспен оралды. Қазағыма мың алғыс.
Алмагүл Қайратқызы 14 жасында П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түскен. Өнерді жан-тәнімен сүйетін ол аккордеон, фортепиано және укулеле аспаптарында еркін ойнайды. Меруерт Мүсірәлі ұстазынан дәріс алған жас әншінің арманы асқақ, мақсаты айқын. Шәкіртінің жеңісіне балаша қуанған ұстазы Меруерт Мүсірәлімен де тілдесудің сәті түсті.
– Алмагүлімнің әр жетістігі, жеңісі, қуанышы – менің де жетістігім. 14 жасынан дәріс бердім. Сол сәтте-ақ оның болашағының жарқын болатынына сендім. Себебі оның таланты, еңбекқорлығы, табандылығы, жауапкершілігі тым жоғары. Ол ешқашан да емтихан тапсырған студент емес. Себебі оны республикалық, халықаралық дәрежедегі байқауларға жіберіп отырдым. Намысына тырысып, бар күш-жігерін салып, орынсыз қайтқан емес. Қатысқан жарыстарынан жүлдесіз оралмайтын алғыр, талантты шәкіртіме бар жақсылықты тілеймін. «Славян базарынан» орын алды дегенде орнымнан тұра алмай, жылай бердім. Бұл – Алмагүлімнің неше жылдан бері армандап, қол жеткізген жетістігі. Дана халқымызда «Ұстаздан шәкірт озар» деген тәмсіл бар. Шәкіртім мен бағындырмаған, менің қолым жетпеген биікті бағындырса деймін. Алмагүлге шығармашылық табыс тілеймін.

2020 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Музыкалық өнер» факультетінің «Эстрадалық вокал» бөліміне оқуға түсіп, білім алуда. 2023 жылдан бері Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауыстағы әншісі. Еңбекқор әрі ізденімпаз жас талант 2024 жылдың ақпан айында жеке шығармашылық концертін өткізген. Әнші тек шебер орындаушы ғана емес, сахнаға деген құрметі мен жауапкершілігі мол өнерпаз.
Әншінің жолдасы – Данияр Рахимбердинов те отбасымен, ағайын-туысымен бірге Алмагүлді қарсы алуға әуежайға келді. Оның айтуынша, Алмагүл алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын өжет қыз.
– Алмагүл өзіне, талантына сенеді. Мен ешқашан да өнеріне кедергі келтірген емеспін. Өнерлі адам – халықтың адамы. Бүгін, міне, қазақтың атын шығарып жатыр. Бұл – үлкен еңбек, үлкен жеңіс, – дейді жолдасы.
Қасиетті қазақтың сар даласы да ән салып тұрады. Киелі топырақта дүниеге келген әр қазақ өнерден құр алақан емес. Олай болса, қазақтың атын әлемге танытатын кіл мықтылар көп болсын дейміз. Қазаққа жеңіс сыйлаған әнші Алмагүл Батталиеваны ғасыр асқан ата басылым атынан шын жүректен құттықтаймыз!
Алмагүлге ақ тілек
Самат ЖЕКСЕНБАЕВ,
Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының директоры:
– Алмагүл Батталиеваны ең алғаш Алматы қаласындағы Республика сарайында өткен «Жас қанат» фестивалінде көрдім. Өз өнерімен талай көрерменді тамсандырған қаршадай ғана қыз бізді де таңқалдырмай қоймады. Сол сәтте талантына қызығып, облыстық филармонияға жұмысқа орналасуға ұсыныс айттым. Сөйтіп, 2023 жылдан бері біздің қасиетті қара шаңырақта қызмет етеді. Ол өте талантты әнші екенін дәлелдеді. Бастаған ісін аяғына жеткізетін табандылығы көпке үлгі. Әр әнді жанды дауыста орындайды. Үнемі бабында жүретін әнші. Өте жоғары деңгейде өнер көрсететіндіктен, Алмагүлдің тыңдармандары Алматы қаласынан арнайы концертіне келеді. Сахнада өзін еркін ұстауы, харизмасы, көрерменмен жұмыс істеуі жоғары деңгейде. Халқымыз «тума талант» деп дәл осындай өнерпазды айтса керек. Алмагүл бұл байқауға күн-түн демей дайындалды. Бұл жеңістің артында тынымсыз еңбек, ұйқысыз түндер, үлкен жауапкершілік тұр. Біз жас талантымыздың жеңіспен оралатынына сендік. Қазақты қуантқан қарындасымызға алғыс айтып, шығармашылық табыс тілеймін.
Мәди МҰСАФИРОВ,
Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының концерттік бөлім меңгерушісі:
– Дәл осы байқаудан қазақтың талантты, дарынды өнерпаздары – Димаш Құдайберген, Рухия Байдүкен және Алмагүл Батталиева топ жарды. Алмагүл – Жетісудың ғана емес, қазақтың мақтанышы. Талантты, диапазоны кең әнші қарындасымыз әлі талай биік белестерді бағындыратынына сенеміз. Қазақ өнері жасай берсін!
Алмагүл Батталиеваның жетістіктері:
-
2017 – Халықаралық әншілер байқауының ІІ орын иегері
-
2021 – «Славянский базар в Витебске – 2021» Халықаралық өнер фестивалінің дипломанты
-
2022 – Республикалық «Түркістан дауысы – 2022» байқауының Гран-при иегері
-
2022 – Р. Бағланова атындағы Халықаралық вокалдық конкурстың І орын жүлдегері
-
2022 – «Славянский базар в Витебске – 2022» фестивалінің дипломанты
-
2023 – «Славянский базар в Витебске – 2023» фестивалінің дипломанты
-
2023 – ХХІХ республикалық «Жас қанат» байқауының ІІІ орын иегері
-
2023 – Х республикалық «Жұлдыз – 2023» конкурсының І орын иегері
-
2024 – Георге Григориу атындағы ХІХ Халықаралық музыка фестивалінің І орын жүлдегері
-
2025 – «Витебск» ХХХІV фестивалінің ұлттық іріктеу жеңімпазы (Қазақстан)
-
2025 – «Витебск» ХХХІV фестивалінің Гран-при иегері
Еңлік Кенебай,
Алматы қаласы.





























