Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық бастамаларды қолдай отырып, тазалықтың мәні мен мағынасы туралы ой бөлісіп, адамның адами қасиетін, қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр азаматтың мәдениетінің көрсеткіші деп баға берген еді.
«-Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл-бір күндік науқан емес. Бұл-біздің өмір салтымыз. Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған ортаны қалыптастырамыз. Барлық аула мен көшені, саябақ пен алаңқайды ұқыпты ұстау-өз қолымызда. Тазалық пен тәртіп-дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі,- деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Жетісудың орталығы әсем қаламызда атқарылып жатқан шаруалар ауыз толтырып айтарлықтай. Ерте көктемнен бастап аумақтарды тазалау, ағаш егу, тал-теректерді ретке келтіру, қаланы қақ жарып өтетін Қаратал өзенінің жағалауын тазалау, көшелерді қоқыстан арылту жұмыстары жүргізілді. Көгалдандыру ісі қатар атқарылып, саябақтар мен скверлерге, аллеяларға, орталық көшелердің жол жағалауына егілген ағаш көшеттерін, гүлдерді күтіп-баптау, шөптерді суару, ору жұмыстары жалғасуда. Халықтың тынығып, демалатын, түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылатын «Жастар» саябағында да көрсең көзің тоятын гүлзарларды әсем қалпында сақтау үшін арнайы жұмысшылар таңнан кешке дейін бір тынбай жұмыс істейді. Тағы бір топ азаматтар саябақтың шөбін шауып, жасыл желектерді суғарумен айналысады. Осындай қарбалас науқан кезінде олардың бірқатарымен кездесіп, жақынырақ танысудың сәті түскен еді. Күннің ыстығына қарамастан, жанармаймен іске қосылған орағын оңды-солды сілтеп, әп-сәтте ретсіз өскен арам шөптерді біркелкі көрініске келтіріп жүрген азаматтардың бірі- Бақыт Мұратов. Туып-өскен жері Алакөл ауданының Көлбай ауылы. Мамандығы-құрылысшы.
Бақыт Мұратов, жұмысшы:
-Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдаймыз. «Жастар» саябағында 15-17 адам қызмет атқарамыз. Қазір шөп шабудамыз. Тазалыққа жауап беретін,гүлдерді баптайтын азаматтар да өз істерін ұқыпты жүргізуде. 2017-ші жылы жолдасым екеуміз балаларымыздың болашағы үшін облыс орталығына қоныс аударуды шешкен едік. Үй алып, көшіп келген соң әртүрлі салада жұмыс істеуге тура келді. 7 жыл бұрын осы саябаққа жұмысшы болып орналастым. Жұмыстың жаманы жоқ. Керісінше, қаламыздың әсем демалыс аймағын көріктендіруге үлес қосып жатқанымды мақтан тұтамын. Тазалық – әркімнің өзінен, отбасынан бастау алады. Үлкендер жағы үйдегі балаларына, немерелеріне оның маңыздылығын түсіндіріп, тәтті кәмпит оралған қағаздың өзін қоқыс жәшігіне тастамаса, көрінген жерге лақтыра салса айналаның тазалығына нұқсан келтіретінін санасына сіңіре беруі керек. Кейде қарап отырсаң, әдемі өсіп тұрған гүлді жұлып алып бір иіскеп, лақтыра салатындар да бар. Ал, сол гүлді өсіруге қаншама адам тер төкті, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Сол сияқты осы қаланың көркіне көрік қосылуы үшін отырғызылып жатқан ағаш көшеттерін қалай болса солай сындыра салатын жасөспірімдер де бар. Ол да үйдегі тәрбиенің кемшін түсіп жатқанынан деп ойлаймын. Тазалықты сақтау, «Бір тал кессең, он тал ек!»-деп бабаларымыз айтып кеткендей, айналаны көгалдандыру өз қолымызда.
Бақыт Тоғызбай, жұмысшы:
— «Жастар» саябағында жұмыс істеп жатқанымызға 5 жыл болды. Қытайдан Қазақстанға осыдан 16 жыл бұрын қоныс аударғанбыз. Жолдасым екеуміз «Жастар» саябағына Талдықорған қалалық жұмыспен қамту мекемесі арқылы орналастық. Жасыл бағдарламаға үлес қосып жүрміз. Еңбекақымызды уақытында аламыз. Биыл жалақымыз біраз көтерілді. Басшылыққа көп рақмет айтамыз. Балаларымыз да мамандықтарына байланысты кәсіптерімен айналысуда. Кәсіптің үлкен, кішісі жоқ. Екі қолға ұстайтын күрек болса, қазатын жер табылады демекші, еңбектену керек. Бүгінгі таңда қаламызда тұрғын үйлер көптеп салынып, айналасы, ауласы абаттандырылып жатыр. Ол жұмыстар адам қолымен жасалады ғой. Сондықтан да «жұмыс жоқ», «жұмыссызбын» деп үйде отыру ешкімге жараспас. Әр азамат ел Тәуелсіздігінің іргетасын қалауға атсалысып жүргенін ұмытпауы керек.
Президентіміз айтқандай, туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап бермесі анық. Әділетті мемлекет болуы үшін заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құруда жүргізіліп жатқан реформалар өскелең ұрпақ пен өзіміз үшін жасалап жатқанын естен шығармағанымыз дұрыс-ау.
Гүлжанат Нұршанова





























