Бүгінгі таңда мектеп ғимараты, үшауысымды оқыту мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Енді елімізде бастау алып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы дәл осы мәселенің түйінін шешуге өз септігін тигізер.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған болатын. «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы , мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп атап көрсетілген еді. Оның аясында елдің барлық өңірінде жаңа тұрпатты мектеп салуға бұрын-соңды болмаған сома – 2,6 триллион теңге жұмсалады. Әрине, осынша қаражаттың үлкен бөлігі Ұлттық қордан алынады.
Бұл ретте, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жоба бекітілді. «Міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021-ші жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген», — деді Үкімет басшысы.
Аталған ұлттық жоба шеңберінде 2023-2025 жылдар аралығында 4800 орынға лайықталған 4 мектеп салу жоспарланып отыр,-дейді «Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» ММ басшысы Жандос Жолдыханов.
Бұл білім ошақтары қаланың қай аймағында салынады дегенге де жауап алдық.
-Жастар-2 шағын ауданында 900 орындық;
-«Көктал» шағын ауданында 1200 орындық;
-«Шығыс» шағын ауданында 1200 орындық;
-«Батыс» тұрғын ауданында 1500 орындық;
«Жайлы мектеп» – қандай мектеп болмақ?
Әрине, мектептер жаңа бірыңғай стандарттар бойынша салынбақ. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, мектеп ең заманауи физика, химия, биология және де роботтық техника кабинеттерімен жабдықтау көзделген.Кабинеттерде touch –экрандар орнатылады және мектептің кез келген нүктесіненжоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім беру қажеттелігі бар балаларды оқыту да назардан тыс қалмақ емес. Олар үшін де тиісті жағдайлардың барлығы қарастырылады.
Гүлжанар Еспанова, Талдықорған қаласындағы №28IT мектеп-лицейдің директоры:
– Бұл жоба – жай мектеп салудан өзгеше жоба. Мәселен, бізде жаңаша бір мектеп салынса, тұрғындар баласын сол мектепке беруге ұмтылды. Өйткені ол мектепте балаға қолайлы жағдай жасалған. Онда робототехника, физика, химия мектебі де бар. Қандай заманауи құрылғылар керек – соның бәрімен жабдықталған. Сондай мектептің қатарында осы біздің білім шаңырағымыз бар. №29 орта мектептің бой көтеруі жаңадан салынып жатқан аудан тұрғындары үшін зор қуаныш. Себебі, балалар үйлеріне жақын жерден барады. Біздің мектептен жаңа білім ошағына 200 оқушы ауысты. Еліміз бойынша қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге де негіз болады деп айта аламын. Қазіргі күні қала халқының саны артып отырғандықтан басты мәселе дұрыс шешімін таба бермек.
Гүлім Баймұханова, көпбалалы ана: -Әсем қаламыз Талдықорған күннен-күнге өсе түсуде. Көз тартарлық ғимараттар бой көтеріп, мектеп пен балабақшаның да көбеюі көз қуантады. Ұрпақ қамы-бұл ертеңіңді ойлау. Ал ұлттық білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар өте көп. «Жайла мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынуда. Бұл бірнеше жылға арналған жоба. Осы уақыт ішінде білімді ұрпақ тәрбиелеу мен оқыту бағытында мектеп те, балабақша да салынып, пайдалануға беріледі деп сенеміз. Қаладан жаңадан қолданысқа беріліп жатқан мектепке оқушы қыздарым барып жүр. Осы жұртшылық жайлылық дегенді тар шеңберде түсінеміз. Басссейні болса, немесе дәретханасы мектеп ішінде болса жеткілікті.
Ал, менің ойымша, жайлы мектеп деген оқушылар бір-біріне әлімжеттік, зорлық-зомбылық, буллинг жасамайтын, мұндай кеселге түбегейлі тосқауыл қойылған мектеп. Бұл – ең басты фактор. Онда оқушылар да, мұғалімдер де қысым көрмеуі шарт. Бастысы-қауіпсіздік.Екіншіден, жайлы мектеп дегеніміз – сапалы, ұшқыр жылдамдықты интернеттің болуы. Қазіргі ақпараттық заманда онсыз ешқандай жайлылық болмайды.