Соңғы қоңырау — мектеп бітіруші түлектерді ерекше тебірентіп, кеудеге қимастық сезімін ұялататын сәт. Мектептегі қоңырау үнін естігенде балалық пен бозбалалықтың қызыққа толы сәттері ғана емес, он бір жыл бойы білім алған мектеп пен ардақты ұстаздардың бейнесі көз алдыңызға келіп, ғажайып бір күйге енеріңіз сөзсіз.

Биыл оқу жылының ресми аяқталуы жексенбіге сәйкес келгендіктен, соңғы оқу күні ретінде 23 мамыр бекітіліп, ел мектептерінде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілуде. Ашық сабақ, салтанатты жиында оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызықты сәттерді бірге еске алуда. 2024-2025 оқу жылы 34 аптаны құрап, еліміз бойынша биыл 3,9 млн астам оқушы аяқтаса, олардың 217 мыңы мектеп бітіруші түлектер.
Осы орайда білім басқармалары мен бөлімдері мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыруға, ақша жинауға, автокөлікпен шеруге шығуға және басқа да мерекелеу шараларын ұйымдастыруға жол берілмейтінін ескертеді.
Әр бала – отбасының, қоғамның, мемлекеттің ең қымбаттысы, болашағымыздың үкілі үміті. Талдықорған қаласында биылғы оқу жылын жалпы білім беретін 27 мектепті 35816 оқушы аяқтап отырса, оның 1442-сі мектепті аяқтайтын түлектер. Алтын ұя – мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып, жаңа өмірге алғашқы қадам басқалы тұрған мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттердің 45-сі «Алтын белгіден» үміткер болса, 68-і үздік аттестатпен бітіреді деп күтілуде. Алда мемлекеттік сынақ — Ұлттық бірыңғай тестілеу емтихандары тұр. Соны ойдағыдай тапсырып, өздері қалаған жоғары оқу орнына түсіп, үздік мамандық иесі болсын деген тілек бұл күні түлектерге көптеп айтылары сөзсіз.
Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шарипбаеваның айтуынша, алда мемлекеттік емтихан тапсыратын 9-шы және 11-сынып оқушылары үшін маңызды сынақ тұр. Облыста 2 ҰБТ тапсыру пункті жұмыс жасайды. Айтар болсақ, 16 мамыр — 5 шілде аралығында мемлекеттік грант байқауына қатысуға түлектер мүмкіндік алып отыр. Тамыз айында тапсырған тест нәтижесі тек ЖОО-ның ақылы бөліміне жарамды. Бұл ретте, қала әкімдігі тестілеуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек көрсетіп келеді. Ал 9-сынып оқушылары қорытынды емтиханды 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өткізіп, міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады.
Сондай-ақ, оқушылардың жазғы демалысы мазмұнды да қызықты өтуі үшін мектеп жанынан лагерьлер жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, оқушылар пәндік, спорттық бағыттағы шаралармен де қамтылады.
Бүгін еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылды. Оған мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, ата-аналар, еңбек ардагерлері, әкімдік, қамқоршылық кеңес өкілдері қатысты. Салтанатты жиын өнерпаз оқушылардың дайындаған мерекелік бағдарламасына ұласты. Үздік оқушылар оқудағы жетістіктері үшін марапатталды. Содан кейін соңғы қоңырау соғылып, жас түлектер қоштасу вальсін биледі.
Суретте: Талдықорған қаласындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 мектеп-лицейді биыл 36 түлек ойдағыдай аяқтап отыр. Олардың арасында арнаулы кадет сыныбы оқушылары бар. Түлектердің 3-еуі , Кәмилла Ақболат, Айжан Данабай, Дина Серікқызы «Алтын белгіге» үміткер. Ал, Альтайр Қуанышпеков үздік аттестатқа үміткер болып отыр. Сынып жетекшісі, педагог-сарапшы Бауыржан Омаралин мектеп бітіруші түлектермен. Барша түлектерге сәттілік серік болсын!





























