«Білімім-Отаныма»: Талдықорғандық 1442 түлек мектеп қабырғасын аяқтады

464

 Бүгін, 23 мамырда  кең байтақ Отанымыз Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі білім ордаларында 2024-2025 оқу жылының «Білімім — Отаныма» мерекелік іс-шарасы өтті.

 Талдықорған қаласындағы 35 мыңнан аса оқушы үшін соңғы қоңырау салтанаты өтіп, тағы бір оқу жылы сәтті аяқталды. Осы  2024–2025 оқу жылында 1442 түлек мектеп қабырғасын аяқтап отыр.  Олардың 45-і – «Алтын белгі» иегерлері атанудан үміткер болса, 68 түлек үздік аттестатпен бітіреді деген үміт бар.

Осы айтулы күнде қала әкімі Ернат Бәзіл қаламыздың алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі – дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысып, жас түлектер мен ұстаздарға тілегін арнады. Өз сөзінде әкім білім саласына ерекше назар аударылып отырғанын, заман талабына сай жаңа мектептер бой көтеріп жатқанын атап өтті.

Қала әкімі Ернат Бәзіл:»Бүгін сіздер балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Алда түрлі сынақтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр. ҰБТ-ны сәтті тапсырып, армандаған оқу орныңызға түсіп, еліміздің игілігіне қызмет ететін білікті маман болуларыңызға тілектеспін! Әр жетістігіңізде ұстаз бен ата-ананың үлесі бар екенін ұмытпаңыздар», – деді.

Салтанатты шарада Талдықорған қаласының «Білім-Инновация» лицейінің директоры  Айбек Аширметов  және ата-аналар мектеп бітірушілерге ақ тілектерін білдірді.

 Ашылғанына 32 жыл толған  «Білім-Инновация» лицей-интернатын биыл 41 түлек тәмәмдап отыр. Олардың 7-і  – «Алтын белгіге»,  ал 5 оқушы – үздік аттестатқа үміткер. Ерекше атап өтерлігі, осы білім ордасының түлегі Сыдық Асылтай Нью-Йорк университетінің Абу-Даби қаласындағы филиалына «Жаратылыстану-математика» бағыты бойынша толық грант иегері атанды. Бұл – мектеп ұстаздарының кәсіби еңбегі мен Сыдық Асылтайдың табандылығының жарқын нәтижесі. Оның жетістігі Жетісу өңірінің білім сапасын халықаралық деңгейде танытып отыр.

Әр оқу жылы өзімен бірге жаңа жетістіктер мен жарқын сәттерді алып келеді. Исмағзи Исатай — информатика пәнінен ХХІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасынан  І орын,Сайлаубай Әл-Тайыр – қашықтықтан Азия-Тынық мұхиты математикадан халықаралық олимпиадасына және математикадан халықаралық «Жібек Жолы» олимпиадасынан  ІІІ орынға ие болды. Әділбек Жақсылық пен Ерхат Тақатбек, Ерсұлтан Мақашев жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары атанды.

Жас түлектер аналарымен бірге  қоштасу вальсін биледі.Мектеп бітіруші үздік түлектер мен мектептің оқу озаттары «Соңғы қоңырау» соғу мәртебесіне ие болды.  Осылайша,   тағы бір оқу жылының аяқталғанын білдіретін күміс қоңырау сыңғырлай соғылды.  Салтанатты жиыннан соң оқушылар «Білімім — Отаныма» атты тәрбие сағаттарына қатысты.

                                                                               Фото: Олжас Құрмашев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз