«Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері қатысуымен «Табысты отбасы» жобасының Жетісу өңіріндегі екінші лек түлектеріне құрал-жабдық табысталды. Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен жиында жоба қатысушылар бұл өз армандарының орындалып қана қоймай, өмірді жақсы жаққа өзгертудің жаңа бір белесі деп атап өтті. Жобаның 2 ағымына Жетісу облысының 36 тұрғыны қатысып, өз істерін бастау үшін қажетті құрал-жабдықтар түріндегі грантқа ие болды.
Салтанатты жиында оларға ноутбуктер мен тігін машиналары, миксерлер мен пештер, кушеткалар және тағы басқа заттар табысталды. Жоба шеңберінде кешенді оқыту бес бейіндік бағыт бойынша «ЅММ», «Кондитерлік іс», «Сұлулық индустриясы», «Тігін ісі» және «Автоэлектриктер» мамандық игерді.
Табысты отбасы» жобасы аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және бір бала тәрбиелеп отырған әкелер мен аналарға көмек көрсетуге бағытталған.
Жалпы алғанда, 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Жетісу, Ұлытау, Абай, Ақтөбе және Түркістан өңірлерінде іске асырылып жатқан жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қаржылай қолдап отыр. Бес аймаққа 300 грант белгіленіп, оларға«Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 200 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жоба аясында қатысушы бір ай ішінде кешенді оқытудан өтіп, оған бейіндік шеберлік сабақтары мен жеке өсу, уақытты басқару және өзін-өзі жүзеге асыру бойынша түрлі тренингтер кіреді.
Талдықорған қаласындағы салтанатты шараға «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның өңірлік еншілес компаниялары және жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері қатысып, сертификаттар табыстады.
Айтар болсақ, «Табысты отбасы» жобасы іске асырылған сәттен бастап Жетісу өңірінен 60 отбасы өздерінің әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік алды. Әрбір қатысушы өз қалауы бойынша бейіндік бағыттың бірін таңдап, бизнесті жүргізу үшін қажетті білімге ие болды. Ал «Самұрық-Қазына» АҚ арқасында жобаның екінші тобының қатысушылары үйден шықпай-ақ ақша табуға керекті жабдықтарды еншіледі. Қатысушы шын мәнінде қуанып, «Табысты отбасы» жобасының ұйымдастырушылары мен демеушілеріне алғыс білдірді.
Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров: «Бұл жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне және аз қамтылған отбасыларға, жастарға арналған. Дәл осы санаттағы азаматтарға жұмысқа шығу және тұрақты табыс табу қиынға соғып жататыны белгілі. Егер Жетісу облысында бірінші ағымда біз 24 қатысушыға грант берсек, бүгінде әрқайсының құны 150 АЕК тұратын жабдықты 36 отбасы алады»,— деді өз сөзінде.
«Осы жобаны құрған кезде біз алдымызға табыс тапқысы келетін, бірақ өз мүмкіндіктеріне сенімсіз және неден бастарын білмей жүрген адамдарға көмектесуді мақсат етіп қойдық. Міне, бүгінгі таңда тәлімгерлер мен жаттықтырушылардың және қатысушылардың жемісті жұмысын көріп отырмыз. Түпкі мақсатқа әлі толық қол жеткізілмеген шығар. Бірақ ең маңыздысы, түлектер бейіндік білім мен қолдауды иеленіп, өз ойларын өзгертуге мүмкіндік алды және оқу курсы туралы сертификаттарға ие болды. Бүгін біз қажетті жабдықтарды табыстау арқылы енді олар өзінің микро-бизнесін іске қосуға дайын»,- деп атап өтті жоба авторы Айжани Нұрланова.
Тағы бір айта кетерлігі- жоба түлектерінің арасында тігіншілікпен әуестенген ер азаматтар да бар.
«Көп адам таңқалатын шығар, бірақ бұл жобада мен «Тігін ісі» бағыты бойынша оқудан өттім. Сөмкелер, кардигандар тоқып жатырмын, енді мен өз ісімді кеңейтіп, көйлектер тігуді бастағым келеді. Осы жоба арқылы шағын кәсібімді кезең-кезеңімен қалай жүргізу керектігін, мемлекеттік грантты қалай алуға болатандығын білдім. Ең бастысы, мен өзіме жетіспейтін жақсы тәжірибеден өттім»,- деп әсерімен бөлісті Жетісу өңірінің тұрғыны Еркебұлан Ибраимов. Өз істерін бастап кеткен жобаның бірінші лек қатысушылары да келіп, салтанатты жиында екінші лектің бітірушілеріне сертификаттар табыстады.