Кәсіп түбі – нәсіп

506

Кез келген өнер иесі атану ұзақ уақыт ізденіс пен тер төгуді қажет етеді. Өмірде өз кәсібін  сүйе білген адам ғана аңсаған арманы мен алға қойған мақсатына жететіні сөзсіз. Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының тұрғыны Өміртай Партияханұлы он саусағынан өнер тамған жандардың бірі. Бүгінде ол сол шеберлігінің арқасында үй жиһаздарының түр-түрін жасап, отбасын асырап, өз кәсібін ойдағыдай дөңгелетіп келеді.

Жастайынан қолы өнерге бейім, тың тапқырлық жаратуға жаны құмар Өміртай 1990 жылдың 16-шы мамырында дүниеге келген. Негізі тума дарынына сай  мамандығы сазгер. Ұлттық аспаптардың да тілін еркін меңгерген. Бос уақытында ән салып, күй тартуға әуес. Кейін Талдықорған қаласындағы кәсіптік оқу орыннан арнайы жиһаз жасау мамандығы бойынша білім алған. Қазір ешкімге жалтақтамастан жалдамалы үйінің ауласынан шағын шеберхана ашып, тапсырыс қабылдап, түрлі үй жиһаздарын құрастыруымен айналысып келеді.

Кәсіпкердің айтуынша, жас та болса өмір жолы бұралаң. Бар арқасүйер әкесі Партияхан өмірден ерте озған соң отбасының ауыртпашылығы анасына түскен. Өміртай мектеп бітіре салысымен анасына көмектесіп жанұясының қиыншылығын бірге арқалауға бел буады.  Сонымен 2007 жылы небәрі 17 жасынан бастап арнайы үй әшекейлеумен қатар жиһаз жасауды қолға алады. Міне, содан бастап осы кәсіптен нәсібін тауып келеді. Бүгінде шебердің  қолынан шыққан сапалы бұйымдарға сұраныс жоғары. Себебі, ол өзі жасаған жиһаздарына 10 жылға дейін кепілдік береді. Ал, қажетті талапқа сай материалдарды ірі кәсіпкерлер арқылы Түркия, Ресей сынды елдерден алдырады екен. Соның нәтижесінде жұрттың оған деген сенімі артып, жиһаздарына Жетісу өңіріндегі әрбір аудан, қалалардан көптеп тапсырыс түсе бастаған. Ол соңы бірнеше жылдан бері  аймақтағы «Жусан», «Халық» сынды банктермен селбесе жұмыс жасап, пайызсыз несие алып кәсібін жандандыра түсуге күш салуда. Сонымен бірге  мекеме орындарының қажетіне сай  ойнатылатын тендерлерге қатысып, бірқатар тапсырыс алып жұмысын ойдағыдай орындаған. Мәселен, өткен жылы 5 миллион  теңгеден астам кеңсе жиһаздарына тапсырыс алса, тамыз айында «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлерді қолдау шарасында 1 миллион 200 мың теңгеден астам грант ұтып алып, жаңа жабдықтар сатып алған. Үкіметтің мұндай   шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламасы үлкен қолдау болғанын айтады. Қазір ол өзімен бірге бірнеше адамды жұмыспен қамтып, тынбай жұмыс жасауда. Жары екеуі 4 бала тәрбиелеуде.

 – «Бүгінде біздегі бір ғана қиыншылық өзімде жеке баспана болмағандықтан жалдамалы үйдің ауласы шеберхана көлемін ұлғайтуға ыңғайсыз. Кәсіп түбі – нәсіп. Мен осы өз кәсібімді сүйемін. «Еңбек бәрін жеңбек» демекші қазір ерінбей еңбек ете білген адамға жұмыс та бар, еш қиыншылық та жоқ. Сондықтан әр азамат өз кәсібін бағалап, одан тың нәтиже шығаруға талпынуы тиіс, – дейді кәсіпкер.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз