Жуырда Астанада жаратылыстану-математикалық бағытта өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Қорытынды кезеңге барлығы 1 088 оқушы қатысқан болатын. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші республикалық олимпиадада еліміздің түкпір — түкпірінен келген 170 оқушы жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты.«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасы ортақ істі жүзеге асыру қадамына қосқан тағы бір үлес болды. Зияткерлік сайыстарға қатысу – әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Әділ және тартысты айқаста сіздер терең де тиянақты білім мен тамаша дайындықты көрсеттіңіз. Осы олимпиада тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған, жоғары деңгейдегі медальдарды сенімді түрде жеңіп алған жеңімпаздар үшін шын жүректен қуаныштымын. Сізді үлкен жетістігіңізбен құттықтаймын!», — деді бірінші вице-министр.
Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасына Жетісу облысынан 19 оқушы қатысып , жеңіспен оралған еді. Команданың 10 мүшесі жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, Көксу ауданындағы Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясы» КММ 11-сынып оқушысы Жалғас Кульджақан математика пәнінен, ал Алакөл ауданы,«Қабанбай №1 орта мектебі МЖДШОБ» КММ 11-сынып оқушысы Владислав Иванов биология пәнінен I-орынды иеленіп, диплом мен алтын медалды мойындарына тақты.
Кербұлақ ауданы,»№49 орта мектебі» КММ 10-сынып оқушысы, Жақатай Батыржан химия пәні бойынша, Алакөл ауданы, «Дарынды балаларға арналған Жыланды мамандандырылған лицей-интернаты» КММ 11-сынып оқушысы Тұрарбек Нұрасыл информатика бойынша және Көксу ауданы, «М. Құрманов атындағы № 2 ОМ КММ» 11-сынып оқушысы Аяла Нұрлыбек физика пәні бойынша II-орынды қанжығаларына байлады.
Тағы да бес оқушы жүлделі 3 орын алды. Олар Ақсу ауданынан Е.Тілебалды, Көксу ауданынан Жансерік Нұрланұлы, «Мамания орта мектебі » КММ 9-сынып оқушысы Жансая Жексенбек, Сарқан ауданы, «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Алмалы орта мектебі» КММ 11-сынып оқушысы Амина Каберова, сондай-ақ, Қаратал ауданы, «Жаңаталап орта мектебі» КММ 11-сынып оқушысы Ришат Жанат жүлделі 3-орындардың дипломы мен қола медалын тағынды.
Осы III (қорытынды) кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Ал, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие. Ауыл мектептері арасында өткен республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін Жетісу облысының командасына «Ең үздік олимпиадалық команда — 2024» бойынша III-дәрежелі атағы берілді.
Сондай-ақ,осы ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты 2024 жылдың 21-25 қаңтары аралығында Астана қаласында бастау алды.