Жетісу облысының орталығыда жыл сайын қыс айында дәстүрлі түрде өтетін денсаулық фестивалі биыл да жалғасын тапты. Салтанатты шараға Талдықорған қаласы әкімінің аппарат басшысы Жеңіс Андабеков қатысып, жұртты салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың барлық түрімен айналысуға шақырып, шаһар басшысының құттықтау тілегін жеткізді.
Жиналған қауым алдында сөз алған Жеңіс Саятбекұлы: – «Бүгінде қаламыздың спорт саңылақтарының байрақты бәсекелерде жеткен жетістіктері аз емес. Осыған байланысты спорт саласы бойынша қолға алынып жатқан тың жоспарлар жетерлік. Жаз мезгілінде суға түсу, қыста шаңғы тебу адамның денесін шынықтырады. Өзім тау шаңғысын жақсы көремін, шаңғы тебу денсаулыққа пайдалы. Жетісу өлкесінде жылдан-жылға туризм саласы дамып келе жатқандығы қуантады. «Спорт денсаулық кепілі» деген. Бүгінгі фестивальде талдықорғандықтар жас ерекшеліктеріне қарамай, белсенді қатысуда. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін», — деді.
Жалпы бұл жарысқа 200-ден аса қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.