Көктемгі су тасқынына дайындық қалай?

197

Биыл Жетісу облысындағы жауған қар бұрынғы жылдармен салыстырғанда 30 пайызға қалың түскен. Осыған байланысты аймақта көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары  басталып кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы азаматтық қорғау майоры Ринат Тазабековтің айтуынша,  қазір өңірдегі таулы аймақтарға тікұшақпен барлау жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде облысқа қарасты 5 ауданның көлемінде 7 су тасқыны жүру қаупі бар аумақ  анықталған.

 Ринат Талғатұлының мәліметінше, бүгінде жалпы облыста 113 гидротехникалық нысан бар. Оның 72-сі республикалық, 28-і коммуналдық, 13-і жеке меншікте.  Осылардың арасындағы 8-і су қойма, 16-ы тоған, 10-ы бөгет, 20-сы су торабы, 59-ы магистральдық канал. Облыс аумағында авариялық су қоймалары жоқ. Ірі су қоймаларын толтыру барысын тексеру және басқаруды су ресурстары комитетінің Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы жүзеге асырады. Жыл сайын облыс аумағының су тасқынына бейім учаскелеріне комиссиялық тексеру жүргізіліп отырады. Соның нәтижесі бойынша арық-канал желілерін, су бұру арналарын орнату, қорғаныс бөгеттерін салу және жөндеу, жағалауды нығайту, өзен арналары мен бассейндерін тереңдету және түзету бойынша кезең-кезеңмен, алдын алу іс-шаралары атқарылады. Мәселен, осыған дейін облыс аумағындағы барлық су жинайтын гидротехникалық құрылғы тексеріліп, жергілікті әкімшілікпен бірлесіп былтыр 3 шақырымнан асатын канал тазаланып, 12 дабыл жүйесі орнатылған. Мұндай шаралар биыл да жалғасуда.

Ал, «Қазгидромет» РМК филиалының 2023 жылғы 30 қаңтардағы №2 дауылды ескертуі сәйкес ақпан айының 1–4 күндері аралығында Жетісу облысы аумағының басым бөлігінде температураның жоғарылауы болады деген болжамына байланысты жауын-шашын мен ылғалды қардың қалың түсуі күтілуде. Бұл өз кезегінде қарқынды қар еруі, көлбеу ағынның қалыптасуы, мұз құбылыстарының өзгеруі және өзендерде су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соғатыны белгілі. Осындай құбылыстарға сәйкес, төтенше жағдайлар саласының жетекші мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2023 жылғы су тасқыны қаупіне қарсы дайындық жұмыстарды қолға алған.

Қазір «Қазселденқорғау» және «Қазгидромедтің» арнайы 52 гидропсоттары құрылған. Қауіпті учаскелерді алдын ала анықтау және сол жердегі қауіптің алдын алу мақсатында бүгінде бірлескен профилактикалық іс-шаралар атқарылуда.  Нақтырақ айтсақ,  онда

– Су тасқынына қарсы алдын ала болжамдар дайындау;

– Облыстың елді мекендері мен аумағын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдау үшін неғұрлым су тасқыны қауіпті төнген учаскелерді айқындау.

– Халықты хабардар ету жүйесін дайындап,  су тасқыны кезіндегі мінез-құлық ережелері туралы жұртқа жеткізуді ұйымдастыру;

– Арық-канал желілерін, жолдағы су өткізу құрылыстары мен көпірлерді бекемдеу;

– ГТҚ-дың меншік иелерімен жұмыс режимін сақтауын бақылау;

– Материалдық-техникалық, азық-түлік, жанар-жағармай, медициналық және басқа да ресурстардың қорларын құру сынды дайындық жұмыстары пысықталуда. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары  облыс орталығы Талдықорған қалалық әкімдігіне хабарланып бас каналдар мен су бөлінетін арық жүйелерін, көпір өтпелерін аршып тазалап қою туралы өтінім берілгенін жеткізді. Сонымен бірге аймақ тұрғындарына өз аумағындағы су жолдарын, арықтарды  мұздардан, тұрмыстық қалдықтардан  тазартып  тұруды ескертеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз