Қазақ елінің тәуелсіздігі мен дербестігін, егемендігін бүкіл әлемге паш ететін рәміздері — Туы, Елтаңбасы және Гимні. Мемлекетіміздің мызғымас негіздерінің бірі саналатын бұл құнды белгілерімізбен халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мұқалмас рухы мен қаһармандығы астасып жатыр.
Әрбір азамат өз елінің патриоты бола отырып, мемлекеттік рәміздерді білуге және құрметтеуге міндетті. Мемлекеттік атрибуттардың мазмұнын терең білу және түсіну – елдіктің маңызды элементтеріне деген қызығушылықты, құрмет пен мақтанышты арттырады.
Ұлттық стандарттар талаптарын, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді қолдану мен орналастыру қағидаларын бұзғандар жауапкершілікке тартылады.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі стандарт талаптарына сай болуы тиіс. Елтаңбаны дайындаудың технологиялық әдісінде түстер мен элементтердің сызықтық өлшемдерінің арақатынасы пропорционалды болуымен қатар, ол сапалы материалдардан жасалуы керек. Элементтердің тұтастығы мен симметриясының бұзылуына, дақтарға жол берілмейді.
Мемлекеттік рәміздерге қатысты құқықбұзушылық анықталса, кінәлі азаматтарға биылдан бастап 3 000 АЕК көлеміне дейінгі айыппұл салынады. ҚР Қылмыстық кодексінің 372 –бабына сәйкес Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстарына 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығын айыруға жазаланады.
ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ, Гимннің мәтінін пайдалану ( орнату, орналастыру) қағидаларына сәйкес ҚР мемлекеттік нышандарына арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар (үй-жайлардың бір бөлігі) әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс. Сондай-ақ, ғимараттарға қойылған Елтаңба және Мемлекеттік Туға түнде жарық түсіп тұруы шарт.
ҚР 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №137 «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидалары» бұйрығының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте азаматтар оң қолын жүрек тұсына қояды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.