Жетісу облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аясында Президенттің атынан өңірдегі екі журналиске пәтер кілттері берілді. Жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Масс-медиа өкілдеріне жылы құттықтауын жеткізген Бейбіт Исабаев:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше журналистермен болған салтанатты жиында «…сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды…», — деп атап өтті. Бұл – мемлекет тарапынан медиа саласы қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға көрсетіліп отырған айрықша қамқорлықтың көрінісі. Кәсіби журналистерге лайықты жағдай жасау – отандық журналистиканың одан әрі дамуына, ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыруға қосылған маңызды үлес. Жаңа пәтер сіздерге кәсіби жетістіктердің бастауы болсын, — деді ол.
Осы күні пәтер кілттері облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Медет Жұмабаев пен «Жетісу» радиосының редакторы Сымбат Елебековаға табысталды. Іші жиһазбен, тұрмыстық техникалармен жабдықталған пәтерлер жаңадан салынған тұрғын үйден берілді.
Көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыстарын білдірген журналистер алдағы уақытта да өңірдің өркендеуі жолында еңбек етіп, халыққа жедел, объективті әрі шынайы ақпарат ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді.
— Бүгін қолыма өз пәтерімнің кілтін ұстап тұрғаныма әлі де сене алар емеспін. Бізге осындай қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Еңбегіміздің бағаланып, бізге қамқорлық жасалып жатқаны – үлкен бақыт, үйлі болып, басыма бақ қонды деуге болады, бұл әр адамның арманы. Кәсіби мерекеміздің қарсаңында отбасымның арманы орындалды. Осы қуанышқа себеп болған барша жанға жүрекжарды алғысымды айтамын. Әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт тілеймін, – деді журналист, екі баланың анасы Сымбат Елебекова.
Медет Жұмабаев та алғысын жеткізді:
– Журналистер күні қарсаңында өз пәтерімнің кілтін алу – менің отбасым үшін үлкен қуаныш. Осындай игі бастама көтерген еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Осындай бақыт әрбір отбасының еншісіне бұйырсын. Өзге әріптестерім де осындай қуанышқа жетсін деп тілеймін. Енді төрт баламның өз шаңырағы, өз баспанасы бар. Бұл – ең басты нәрсе. Баршаңызды кәсіби мерекемен тағы да құттықтаймын! Қазақстан журналистикасы өркендей берсін, – деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























