Жетісу облысында бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға 25 мыңнан астам кәсіпкер әйел үлес қосуда. Бұл шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы санының 45 %-дан астамы. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Әйел кәсіпкерлігі – мемлекеттің тірегі» тақырыбында өткен «Жетісу Women Forum – 2026» облыстық форумы мен жобалар көрмесінде айтылды. Форумда іскер әйелдер қауымдастығының, мемлекеттік органдардың, қаржы институттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосып, жыл қорытындысын шығарып, тәжірибе алмасты, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың алдағы бағыттарын талқылады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Форумға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов өз сөзінде:
— Бүгінде Жетісу облысында 25 мыңнан астам әйел кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы санының 45 пайызынан астамын құрайды. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейге жақындап қалды. Дегенмен бізде одан әрі де өсу әлеуеті бар. Осы мақсатта әйелдердің өз ісін ашып, кәсіпкерлігін кеңейтуіне қолайлы жағдай жасауға ұмтылып отырмыз, – деп атап өтті Д. Есдәулетов.
Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл ретте жеңілдетілген қаржыландыру, субсидиялау, оқыту, консультациялық қолдау сияқты қолжетімді көмек тетіктері маңызды рөл атқарады. Әсіресе, кәсіпкерлікке енді қадам басқан әйелдерге және ауылдық жерлерде өз ісін дамытып отырған кәсіпкер әйелдерге ерекше назар аудару қажет.
Осы орайда облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев өз ісін ашуға немесе кәсібін кеңейтуге ниетті әйелдерге практикалық қолдау көрсетуде Іскер әйелдер кеңесінің айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Тек биылдың өзінде 1 500-ден астам әйел оқытылған. Олар мұнда тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, консультациялық көмек, менторлық қолдау көрсетіліп, жобалары сүйемелденеді. Әйелдер үшін бұл оқу өз кәсібін бастауға жасалған алғашқы қадам деуге болады.
Оқытуға «Бір ауыл – бір өнім» жобасының табысты кәсіпкер әйелдері де тартылып, олар өз кәсібін ашу мен дамыту тәжірибесін бөліседі. Атап өтсек, жоба басталған 2023 жылдан бері оған 138 кәсіпкер қатысып, олардың 25-і өңірлік іріктеудің финалистері атанған. Сонымен қатар 20-дан астам әйел «Ауыл аманаты» жобасы аясында түрлі гранттар мен жеңілдетілген несиелер түрінде қаржылай қолдау алған. Бұл бағыттағы жұмысқа халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған «Кәсіпке жол» жобасының қатысушылары да тартылған.
Форумға қатысушылар еңбегінің нақты нәтижелері іс-шара аясында ұйымдастырылған көрмеде таныстырылды. Онда ет және балық өнімдері, сүт, нан-тоқаш өнімдері, бал, тұрмыстық және косметологиялық құралдар, зергерлік бұйымдар, сондай-ақ ұлттық қолөнер туындылары ұсынылды.
Көрмеге өткен жылғы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы Бибігүл Әлімбекқызы да қатысты. Ол өз кәсібін дамытумен қатар, басқа әйелдерге ашытқысыз нан пісіруді үйретіп, олардың жаңа дағдыларды меңгеруіне және кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасауына көмектесуде.
Әсел Күлбекова екі жыл бойы дамытып келе жатқан жылыжай шаруашылығы жобасын таныстырды. Әлеуметтік кәсіпкер Светлана Зубовичтің менторлық қолдауының арқасында жоба нақты іске асып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Ал Сания Құрманғалиева киізден ойыншық жасаумен айналысады.
— Мен киізден ойыншық жасаймын. Әр ойыншықты жасаумен айнылысып келе жатқаныма 7 жылдан асты. Бұл іс маған өте ұнайды, өз кәсібімнен демаламын. Әр ойыншықты әзірлеуге шамамен екі сағаттай уақыт кетеді. Тек таза материалдарды пайдаланамын, сондықтан аллергия туғызбайды. Тек ұлттық мазмұндағы ойыншықтар ғана емес, сонымен қатар балаларды қызықтыратын заманауи кейіпкерлердің бейнесін де жасаймын. Сондай-ақ этно-стильдегі шапандар, жилеттер, сумкалар мен арқа қоржындарын да дайындаймын. Алдағы уақытта ісімді дамытқым келеді, — деді С. Құрманғалиева.
— 20 жылдан бері омарташылықпен айналысып келеміз. Алғашында 5 ұядан бастадық, қазір олардың санын 300-ге жеткіздік. Балдың 8 түрін дайындаймыз, сонымен қатар перга, кремдер, балауыз шамдарын шығарамыз. Өзім көп балалы анамын. Отбасылық ісімізге балаларым қолғабыс етеді. Шаруашылықты үлкен ұлымыз жүргізеді. Ал біз жолдасымыз екеуміз өнімді өткізумен айналысамыз. Біздің тауарларымызды тұтынушылар көп. Бұл — біздің күнделікті қажырлы еңбегіміз бен өнімнің сапалы шығарылуының нәтижесі, — деді кәсіпкер Ирина Сюра.
Жобалардың таныстырылымы қорытындыланған соң марапаттау рәсімі өтіп, өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосқан бірқатар әйелге құрмет көрсетілді.
«Жетісу Women Forum – 2026» форумы әйелдер кәсіпкерлігінің өңір экономикасының маңызды бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кәсіпкер әйелдердің бір алаңға топтасуы, білім алуы, тәлімгерлік қолдау мен мемлекеттік көмек тетіктеріне қол жеткізуі олардың тың идеяларды жүзеге асыруына, жаңа жұмыс орындарын ашуына, қала мен ауылдық жерлерде бизнесті дамытуына жол ашады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























