Есірткіге тәуелділік – бір адамның тағдырын талқандайтын дерт қана емес, тұтас қоғамның болашағына қауіп төндіретін әлеуметтік апат. Оның тамыры тереңдеп, жастардың өміріне дендеп еніп бара жатқанда, мәселені құр ұранмен шешу мүмкін емес. Өкінішке қарай, бүгінде нашақорлық туралы жаңалықтарды есту үйреншікті жағдайға айналған. Есірткімен ұсталғандар, заңсыз зертханалар, синтетикалық заттардың таралуы, жасөспірімдердің есірткі саудасына тартылуы қоғамды алаңдататын ақпараттар легі күн сайын артып келеді. Алайда осы хабарлардың артында қанша адамның тағдыры, қанша отбасының қайғысы, қанша жастың үзілген үміті тұрғанын ойланып көрдік пе?
Нашақорлық қарапайым диагноз емес. Ол – әлеуметтік ортаның, тәрбиенің, психологиялық күйзеліс пен заңсыз сауданың түйіскен тұсында пайда болатын проблема. Ең қауіптісі бұл дерттің құрбандары көбіне өмірдің мәнін енді ғана танып келе жатқан жастар. Статистика сөйлесін. Бүгінде елімізде 17 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша нақтыласақ 17 573 адам есірткіге тәуелді ретінде ресми тіркелген. Олардың 1 596-ы әйел болса, кәмелетке толмағандар саны 40. Бұл есепке алынған азаматтардың саны ғана. Ал бейресмиі қаншама? 2025 жылы есірткі қылмыстары үшін 5 758 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 31 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Оның ішінде 1 189 келісі синтетикалық есірткі, 10,1 тоннасы марихуана, 715 келісі гашиш болған. Сонымен қатар 13 есірткі зертханасы жойылып, есірткі саудасы мен жарнамасына қатысы бар 10 289 интернет-ресурс бұғатталған. Бұл цифрлар жай ғана есеп үшін берілген статистика емес. Олар есірткі нарығының қаншалықты ауқымды екенін, заңсыз сауданың қоғам өміріне қаншалықты терең еніп кеткенін көрсетеді. Бір жағынан, құқық қорғау органдарының жұмысы нәтижесінде мыңдаған қылмыстың жолы кесілде. Екінші жағынан, тәркіленген есірткінің көлемі мен анықталған қылмыстардың саны бұл індеттің әлі де жойылмағанын аңғартады. Есірткінің тонналап тәркіленуі күрестің нәтижесі ғана емес, оның қаншалықты кең таралғанының да көрсеткіші. Бір рет байқап көру – өмір бойғы өкінішке айналуы мүмкін. Нашақорлықтың ең қауіпті тұсы – оның көбіне байқалмай басталуы. Алғашында қызығушылық, еліктеу, достардың ықпалы немесе «бір реттен ештеңе болмайды» деген жалған сенім адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Жасөспірімдік кезең – психологиялық тұрғыдан ең осал шақтардың бірі. Бұл уақытта адам өзін қоғамда танытуға, өзгелердің қабылдауына, жаңа эмоциялар мен әсерлерге ұмтылады. Осындай сәтте есірткіні «ерекше тәжірибе», «көңіл көтеру құралы» немесе «проблемадан уақытша құтылу жолы» ретінде ұсынатындар жастардың әлсіз тұсын пайдаланады. Ата-анамен арадағы түсініспеушілік, буллинг, депрессияға ұшырау, өзіне сенімсіздік те кейбір жастарды қауіпті әдеттерге итермелеуі мүмкін. Бірақ мұны нашақорлықтың жалғыз себебі деп қарастыру дұрыс емес. Десе де, есірткі сатушылардың басты нысанасына жастардың түсуі де кездейсоқ емес. Заңсыз сауда ұйымдастырушылары бозғындардың көбіне ақшаға мұқтаждығын пайдаланып, оларды есірткі тасымалдауға тартады. Интернет пен мессенджерлердегі жасырын арналар, әлеу-желідегі күмәнді ұсыныстар, «оңай ақша табу» туралы хабарландырулар заңсыз нарықтың бір тұсы. Жастар кейде өздері қандай қылмыс жасап жатқанын түсінбей, есірткі тасымалдаушы немесе таратушыға айналып кетеді. Осы жерде қоғамның алдында маңызды сұрақ туындайды. Есірткі саудасы жастарды өзіне тартып жатқанда, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бақылау мен алдын алу жүйесі қаншалықты тиімді? Есірткі саудасының ұйымдастырушылары жасырынған сайын, ал қарапайым жастар қылмыстық жауапкершілікке тартылған сайын, мәселенің түпкі себебіне назар аудару қажеттігі арта түседі. Заңсыз нарықтың ұйымдастырушыларын анықтау, қаржылық тізбектерін бұзу, интернеттегі сауданы жою және жастарды қылмыстық желілерден қорғау – күрестің негізгі бағыттары болуы тиіс.
Ал денсаулық мәселесінде дәл осы дерттің құрбаны болғандар жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары, бауыр және басқа да ағзаларымен жауап береді. Психикалық бұзылыстар, мазасыздық, депрессия, психоз, әлеуметтік оқшаулану және суицид қаупі артуы әлдеқайда ықтимал. Тәуелділікке байланысты адамның еңбекке қабілеті төмендеп, білім алу мен кәсіби дамуы қиындайды. Отбасындағы қарым-қатынас бұзылып, жақындары психологиялық және материалдық ауыртпалыққа ұшырайды. Кейбір жағдайларда есірткіге ақша табу үшін адам үлкенді-кішілі қылмыстарға баруы мүмкін. Бұл адам өмірін түбегейлі өзгертеді. Тәуелділікке ұшыраған азамат ең алдымен медициналық және психологиялық көмекке мұқтаж науқас. Қоғам оны сыртқа тепкен сайын, емделуге және қалыпты өмірге оралуға деген мүмкіндігі азаяды. Ал, қанша адамға дәріс оқылғаны емес, қанша жас есірткіден аулақ болды, қанша адам емделді, қанша азамат қоғамға қайта оралды – маңыздысы осы. Есірткіге тәуелді болған бір жас – ертең қоғамнан үмітін үзген азамат, қолдаусыз қалған отбасының мүшесі немесе қылмыстық ортаға тартылған адам болуы мүмкін. Дегенмен уақытында көрсетілген көмек оның өмірін сақтап, болашағын қайта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нашақорлық – үнсіз келіп, адамды іштен күйрететін індет. Онымен күресу үшін мәселені жасыру емес, оның шынайы ауқымын мойындау қажет. Жастарға тек «есірткі қолданба» деп айту жеткіліксіз. Оларға өмір сүруге себеп, қиындықты жеңуге мүмкіндік, қолдау мен сенім керек. Өйткені есірткіге қарсы күрес – тек бүгінгі күннің мәселесі емес. Бұл – ертеңгі ұрпақтың қандай қоғамда өмір сүретінін айқындайтын күрес. Ұрпақтың болашағын есірткі саудагерлерінің қолына беріп қоюға болмайды. Ал оны қорғау – бүгінгі қоғамның басты міндеті.
Тыныштаева Дана Назарбекқызы, Еркін ауылдық округі әкімінің аппаратының ТҮКШ бөлімшесінің бас маманы





























