Мемлекеттің экономикалық дамуы,саяси бағыты мен тұрақтылығы,қоғамдағы әділдік қағидаттарының сақталуы еліміздің әр азаматы үшін маңызды. Ал , ел дамуына тұсау салып, экономикамызды тұралататын кесел- ол сыбайлас жемқорлық. Оны еңсеру аса маңызды басымдықтардың бірі. Азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін бүкіл қоғам болып күш-жігерімізді жемқорлықпен күреске жұмылдыру бәрімізге міндет.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемелекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Осы мақсаттта арнайы заңдар қабылданып,мемлекеттік органдардың қызметін ашық әрі тиімді етуге бағытталған реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан:заң мен тәртіп,экономикалық өсім,қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқан уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгеріп,мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделі қалыптасқанын атап өткен еді. Сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз,тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек екеніне баса назар аударды. Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мен саланы кәсібилендіруде қолға алынып жатқан шаралар аз емес.Мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығын арттыру, қызметкерлер жұмысын бағалаудың сапалы әдісін енгізу,олардың білімдерін жетілдіру, дамытуға баса назар аударылуда. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында сыбайлас жемқорлық — жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу анықтамасы берілген.
Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың,жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шеңберінде кадр, бақылау,заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып,заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті делінген. Ауруды емдегеннен оның алдын алу маңыздырақ. Осы орайда мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру ісі тікелей сыбайлас жемқорлықтың жолын кесері сөзсіз. Жемқорларға жем болмас үшін заңды білген дұрыс.Әрбір азамат қызмет өкілеттігін теріс пайдалану,немесе асыра пайдалану,пара алу,пара беру фактілеріне кездескен жағдайда дереу өкілетті органдарға хабарласып, жемқорлық дертінің ушығуының жолын кесуге өз үлесін қосқаны абзал. Сыбайласқан жемқорлық кез келген өркениетті қоғам үшін ең өзекті. Елдің даму болашағына қауіп төндіретін құбылыспен халық болып күрескенде ғана нәтиже болары анық. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын,адамдардың құқығын, бостандығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуі міндетті. Қорытындылай келе,жемқорлық-қоғамның дамуына кедергі келтіретін қауіпті құбылыс болғандықтан әрбір азамат заңды құрметтеп,адалдықты ту етіп ұстанғанда ғана әділетті,дамыған және өркениеттті қоғам қалыптастыруға болатынын баса айтқым келеді. Жарқын болашаққа бастар сенімді жол жалғыз.Ол жемқорлықпен күрестен бастау алады.
Ернат Бәзіл, Талдықорған қаласының әкімі





























