Дәрі-дәрмекті өз бетінше қабылдау – денсаулыққа қауіп

251

Қазір көп адам сәл сырқаттанып қалса, дәрігерге баруға асықпайды. Оның орнына бұрын ішкен дәріні қайта қолданады, туысы немесе танысы ұсынған дәріні сатып ала салады. «Интернеттен оқып алдым» деп, өзін өзі емдеуге тырысатындар да аз емес. Кейбірі дәріханаға барып, нақты диагнозсыз-ақ кез келген дәріні сұрап алады. Әсіресе, жарнамада жиі көрсетілетін, «ауырғанда көмектеседі» деген препараттар сұранысқа ие.

Мұндай әрекеттердің себебі көп: біреуде уақыт тапшы, біреу дәрігерге сенбейді, ал енді біреу «өзім білем» деп ойлайды. Бірақ мұның соңы денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екенін көбі ескере бермейді. Өзін-өзі емдеу арқылы адам дертті жеңілдетпей, керісінше асқындырып алуы мүмкін. Кейбір жағдайда дұрыс емделмеген сырқат ұзаққа созылып, созылмалы ауруға айналып жатады.

Тағы бір мысал – бала ауырса, ата-ана көршіден кеңес сұрап, сол ұсынған дәріні бере салады. Ал әр баланың ағзасы әртүрлі, салмақ пен жасына қарай дәрінің дозасы да өзгереді. Мұндай қателік ауыр салдарға алып келуі мүмкін.

Дәрі дұрыс болмаса – ауру күшейеді
Әр дәрінің өзіндік әсері бар. Біреу бас ауруын басады, біреу қабынуға қарсы, енді бірі жұқпалы ауруларға қарсы күреседі. Алайда, аурудың себебі дұрыс анықталмайынша, кез келген дәрі көмектесе алмайды. Керісінше, ауруды жасырын түрге айналдырып, созылмалы не асқынған формаға жеткізуі мүмкін.

Мысалы, тұмау болып қалғанда бірден антибиотик қабылдайтындар көп. Бірақ тұмау – вирус, ал антибиотик тек бактерияға қарсы әсер етеді. Оны қажетсіз қолдану ағзадағы пайдалы микрофлораны жойып, иммунитетті әлсіретеді.

 Антибиотиктерге төзімділікжаһандық мәселе
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын миллиондаған адам антибиотиктерге төзімді микробтардан зардап шегеді. Себебі – адамдар бұл дәрілерді орынсыз, өз бетімен қабылдай береді. Болашақта бізге таныс антибиотиктер мүлде әсер етпейтін болуы мүмкін.

Бұл мәселе тек медицина үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Сондықтан БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының бірі – №3: «Жақсы денсаулық және әл-қуат» – дәл осыны көздейді. Яғни, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қауіптің алдын алуы тиіс.

 Фармацевт пен дәрігер кеңесі – басты құрал
Дәріханада жұмыс істейтін фармацевттер арнайы білім алған мамандар. Олар препараттың не үшін қолданылатынын, қалай ішу керек екенін біледі. Егер рецептіңіз болмаса, дәріні өз бетіңізше емес, маманның кеңесімен таңдаған дұрыс.

Сол сияқты, әрбір ауру кезінде учаскелік дәрігерге қаралып, нақты диагноз алғаннан кейін ғана ем бастау қажет. Бұл – өзіңіздің де, айналаңыздың да денсаулығына деген жауапкершілік.

 Мектеп пен отбасы – алғашқы тәрбие орны
Фармацевтикалық сауаттылықты бала кезден қалыптастыру маңызды. Бұл – №4: «Сапалы білім беру» мақсатымен байланысты. Отбасында, мектепте балаларға дәріні рұқсатсыз қабылдауға болмайтыны үйретілуі тиіс. Балалар үлкендердің дәрісін қызығып ішпеу керек, ал ата-аналар үйде дәріні қол жетпейтін жерде сақтау қажет.

Қорыта айтқанда, дәрі – ем де, у да бола алады. Бәрі қалай және кімнің кеңесімен қолданылғанына байланысты. Өз денсаулығыңызға ұқыппен қарап, дәрі-дәрмекті тек маманның ұсынысымен қолданыңыз. Бұл – жеке қауіпсіздіктің ғана емес, қоғамдағы тұрақты дамудың кепілі.

Авторлары:
Шакирова Айжан Жанғалиқызы,
«Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының
4 курс студенті.
Жакипбеков Кайрат Сапарханович,
PhD, қауымдастырылған профессор.
Рахымбаев Нұрғали Аманбайұлы,
PhD, кафедра доценті.
Аширов Мурат Зулпидинович, PhD, профессор ассистенті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз