14 шілде күні Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты Заңға өзгерістер енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістер туралы Жетісу облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалы директорының орынбасары Арыстанбек Өтеғұлов пен Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жүнісова Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығы күшейтіледі
Спикерлердің айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдарды есептеу базасының жоғарғы шегі ұлғайтылады. Енді жұмыс берушілер жарналарды 40 ең төменгі жалақы аспайтын сомадан, ал қызметкерлер – 20 40 ең төменгі жалақыға дейінгі табыстан төлейтін болады.
«Бұл шешім азаматтардың да, бизнестің де қаржылық жүктемесін оңтайландыра отырып, жүйенің тұрақтылығы мен қаржылық тепе-теңдігін қамтамасыз етеді», – дейді А.Өтеғұлов.
Қазіргі уақытта орташа жалақысы 300 мың теңге болатын қызметкер ай сайын 6 мың теңге жарна төлейді. Ал 3 миллион теңге табысы бар азаматтың жарнасы небәрі 17 мың теңге немесе табыстың 0,6%-ы көлемінде. Жаңа тәртіп бойынша, 2026 жылдан бастап ең жоғары жарна мөлшері қызметкерлер үшін 34 мың, жұмыс берушілер үшін – 102 мың теңге болады.
Сонымен қатар, мемлекет 2027 жылдан бастап өз тарапынан төлейтін жарнаның мөлшерін кезең-кезеңімен 2037 жылға дейін 4,7%-ға дейін ұлғайтпақ. Бұл азаматтар мен жұмыс берушілерге қосымша жүктеме түсірмей, жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік осал топтарға медициналық көмек қолжетімді болмақ
2026 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыс деңгейіндегі (Д және Е санаттары) азаматтар да МӘМС жүйесіне қамтылады. Бұл шамамен 1 миллион қазақстандықты қамтуға мүмкіндік береді.
«Бұл өзгеріс табысы төмен азаматтардың тағы 5%-ына жоспарлы медициналық көмек алуға жол ашады. Жарналар жергілікті атқарушы органдар арқылы төленетін болады», – деді спикер.
Қазіргі таңда Жетісу облысында 537 мың адам сақтандырылған. Оның ішінде 392 мыңы – жеңілдік санатындағы азаматтар, яғни мемлекет есебінен жарна төленетіндер. Бұл мемлекет тарапынан әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жеңілдік мерзімі ұзартылды
Бұдан бөлек, азаматтар үшін маңызды тағы бір өзгеріс – жарна төлемеген жағдайда да МӘМС мәртебесін 6 ай бойы сақтау құқығы. Бұрын бұл мерзім 3 айды ғана құрайтын.
«Бұл норманың арқасында жүйеге тұрақты қатысып келген азаматтар уақытша қиындыққа тап болғанда медициналық көмектен тыс қалмайды. Бұл – әділ және адамға бағытталған шешім», – деп қорытындылады Г.Жүнісова
МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін алу үшін азаматтар ай сайын 4250 теңге (яғни жылына 51 мың теңге) көлемінде жарна төлей алады.





























