Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің базасында мүгедектігі бар жандар арасында қалалық спартакиада жалауын желбіретті. «Бәріміз біргеміз» деп аталатын спорттық шараға кейбірі отбасыларымен жиналды. Жалпы айтар болсақ, қалада аурушаң балалар мен мүгедектігі бар адамдардың басын біріктіріп отырған 25-тен аса қоғамдық бірлестік және «Асар» спорттық оңалту кешені бар.
Ең алдымен, бұл шараның шымылдығын Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы ашты. Өз сөзінде «Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек оларды түрлі шараларға қатыстырып, қоғамдық ортаға бейімдеу, белсенділіктерін арттыру, спорттық, мәдени, қоғамдық іс-шараларға қатыстыру маңызды»- екендігіне тоқталды.
Қала басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, тумасынан арбаға таңылсада, алайда соған қарамастан қаламыздың өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген бірнеше азаматқа «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатын» табыс етті.
«Құрметті осы спорттық шараға қатысушылар! Өз денсаулықтарындағы ақаулыққа қарамастан, түрлі республикалық және әлемдік параолимпаидалық спорттық жарыстарда топ жарып жүрген азаматтар бар. Өздерінің жігерліктерін көрсетіп, дерттерін жеңіп, мүмкін емес ештеңе жоқ екенін дәлелдеп, нағыз күрескер екенін көрсетіп келеді. Қоғамнан алшақтамай өз үлестеріңізді қосып жүрсіздер. Зор ризашылық білдіреміз», — деді қала әкімі.
«Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркенова да өзінің ізгі тілегін білдірді.
Жылдағы дәстүрге айналған спорттық жарыс жақсы ұйымдастырылды. Тартысқа толы жарыс « Анам мен әкем және Мен» отбасылық жарыс өте көңілді өтті. Балалар белсенділік танытты.
Сондай-ақ, жарысқа қатысушылар көңілді сөре, қол күрес, шахмат, тоғызқұмалақ, арбамен жарыс және дарст ойындарынан өзара мықтыларды анықтады.
Спартакиадаға қала бойынша жүзге жуық мүгедектігі бар адамдар қатысты.
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал қалған қатысушыларға алғыс хат табысталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға арнайы түскі ас әзірленді. Сонымен қатар мерекелік концертте «Талдықорған әуендері» ән-би ансамблінің өнерпаздары әсем әндерді тарту етті. Ал, мерекеге келген балалар да өз өнерін ортаға салып, көптің сүйіспеншілігіне бөленді.