Жетісу облысында үш мыңнан астам шаруашылық мал өсірумен айналысады

Жетісу облысында мал шаруашылығы саласын дамыту мақсатында мал басын көбейтуге, ет пен сүт өндірісін арттыруға және ет экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған тиісті шаралар қабылдануда. Қазіргі кезеңде өңірде мал шаруашылығымен үш мыңнан астам шаруашылық айналысады, оның мыңға жуығы асыл тұқымды мал ұстайды. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы жануарларының саны 2,3 миллионға жетті, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,9%-ға артқан. Оның ішінде ет өндірісі 4,6%-ға, сүт өндірісі 4,4%-ға өскен. Мұндай өсімге көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары оң ықпал етті.

– Өткен жылы мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіліп, 8 жаңа бағыт қосылды, бірқатар бағыттардың нормативтері 70-80 %ға дейін көтерілді. Сонымен қатар несиелік бағдарламаларға да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, енді фермерлер Аграрлық несие корпорациясы арқылы айналым қаражатын толықтыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері бойынша асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады. Осындай пайыздық мөлшерлемемен отарлы мал шаруашылығын дамытуға және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыруға жеңілдетілген несиелер беріледі. Мұның барлығы кешенді түрде фермерлерге мал сатып алуға кең мүмкіндік туғызып, өңірде мал шаруашылығын дамытуға жаңа серпін береді, – деп атап өтті Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиков.

Қаржыландыруды қолжетімді ету үшін «Даму» қоры арқылы қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру қарастырылған. Бұл бағытта өңірдегі бордақылау алаңдарының жүктемесін арттыру үшін жалпы қуаттылығы 9 мың басқа арналған 3 бордақылау алаңы 1,3 млрд теңгеден астам сомаға жеңілдетілген несие алды.Сонымен қатар «Ірі жобалар» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан 2 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, қуаты 3500 тонна болатын ет комбинатының іргесін кеңейту және 5 мың басқа арналған қой фермасын салу жобалары жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама шеңберінде тағы екі жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр, яғни жылына 15 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын салу және қуаттылығы 10 мың тоннадан асатын құрамажем цехын іске қосу межеленген.

Бұдан бөлек, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 153 жоба қаржыландырылып, 6,5 мың бас мал сатып алынды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз