Жетісу облысында туризмді дамыту мақсатында биыл 3 экопарк құру жоспарланып отыр. Солардың бірі — Талдықорған қаласы аумағындағы «Тасбақа» атауымен белгілі болған тарихи-мәдени орын. Еске салсақ, бұл тау мен ондағы петроглифтер жергілікті маңызы бар қорғалатын нысандар тізіміне енгізілген болатын, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық туризм басқармасының мәліметіне қарағанда, Мемлекет басшысының ірі мегаполистер мен облыс орталықтарының қала маңы аймақтарында экопарктер құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл Талдықорған, Текелі және Сарқан қалаларында 3 экопарк құру жоспарда бар. «Тасбақа» экопаркінің аумағы 38 гектар болса, Текелі қаласы маңында құрылатын «Черкасай» экопаркінің аумағы 21 гектар болмақ, сол сияқты Сарқан ауданы Сарқан қаласындағы «Қойтас» паркі эко-парк мәртебесін иеленеді.
— Бұл үш экопарктер өңірдегі экологиялық және мәдени-танымдық туризмді дамытуға тың серпін береді. Мәселен, Талдықорғаннан үш шақырым жерде орналасқан «Тасбақа» экопаркі қонақтардың біркүндік және демалыс кезіндегі тынығуына қолайлы болмақ. Онда шолу алаңы, автотұрақ жасалып, беседкалар, санитарлық тораптар, орындықтар, қоқыс контейнерлері қойылады. Ал Текелі қаласының маңындағы «Черкасай» экопаркі отбасылық әрі белсенді демалыс үшін қолайлы болады. «Қойтас» экопаркіне келсек, ол Сарқан қаласының ішінде орналасқан. Оның бір ерекшелігі — табиғи ландшафты сақталған, онда «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өсетін ағаштар отырғызылып, паркті мекендейтін жануарлардың мүсіндері орнатылған, жалпы ұлттық парктің флорасы мен фаунасынан кеңінен хабар береді, — деді облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев, Қанат Байдрахымов, Торғын Тұрлыбаева.





























