Жетісу облысында апатты көпірлердің мәселесі шешілуде

Жетісу облысында апатты көпірлерді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, бес көпір күрделі жөндеуден соң пайдалануға берілсе, бүгінгі күні он көпірде қайта жаңғырту жүргізілуде. Бұл құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысының Жетісуға келген сапарында берілген тапсырмасын орындау аясында атқарылуда, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, Ескелді ауданының Бақтыбай ауылына кіреберіс жолда, Қаратал ауданының Көкдала ауылына кіреберіс жолда, Көксу ауданының Жарлыөзек ауылына кіреберіс жолда, Кербұлақ ауданындағы «Сарыөзек – Көктал – Майтөбе» автомобиль жолында және Сарқан ауданының М. Төлебаев ауылына апаратын автомобиль жолында орналасқан 5 көпірге күрделі жөндеу жасалды.

Жарлыөзек ауылының тұрғындары бұл жұмыстарға қатысты өз пікірлерін білдірді.  

— Ауылымыздың аумағынан ағып өтетін Жарлыөзек өзеніндегі көпір 1970 – 1980 жылдары салынған болатын. Ол кезде көпірдің биіктігі төмен, көлемі шағын еді. Көктем мезгілінде қар суы еріп, өзен тасыған уақытта көпірден өту тұрғындарға қауіп туғызатын. Уақыт өте келе әбден тозып, пайдалануға жарамсыз күйге жетті. Соңғы жылдарда бұл көпір қайта жаңғыртылып, жаңадан салынды. Қазіргі таңда көпіріміз кең әрі биік. Жан-жағы қоршалған, су тасқынына төтеп беретіндей берік етіп жасалған. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жол қатынасына үлкен жеңілдік әкелді, — деді ауыл тұрғыны Серікбай Жапабаев.

Апатты көпірлер мәселесін шешу биыл да жалғасуда.

— Жетісу облысында 15 көпір апатты деп танылған, соның 5-еуі толық жөнделді. Қалған 10 көпірде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы олардың 8-ін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда,  Қаратал ауданында үш нысан — «Алматы – Өскемен – Молалы – Үштөбе» автомобиль жолында, Түгелбай жайылымы мен Тастөбе ауылына кіреберіс автомобиль жолдарында, Ескелді ауданында «Көксу – Балпық Би – Қарабұлақ – Қайнарлы» автомобиль жолында, Алакөл ауданында — «Қабанбай – Көктұма» автомобиль жолында, Сарқан ауданында — «Қойлық – Қарғалы» автомобиль жолында және Көктерек ауылына кіреберіс жолда, Көксу ауданында Айнабұлақ ауылына кіреберіс жолда орналасқан көпірлер бар. Қалған екі көпірдің құрылысы кезең-кезеңімен аяқталады, — деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Жалпы, Жетісу облысында жергілікті маңыздағы 118 көпір бар.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз