Халықтың еркін білдіретін және мемлекеттегі негізгі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын органы – Парламент қоғамдағы әділеттілік пен құқықтық тәртіпті сақтауда шешуші рөл атқаратындығы анық. Парламент заңдарды қабылдау арқылы азаматтардың құқықтарын қорғайды, мемлекет жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Парламент – диалог пен келісім алаңы.
Қазақстан Республикасының Парламенті – қос палаталы орган. Сенат пен Мәжіліс заң шығару процесін жүзеге асырады. Бұл құрылым аймақтардың өкілдігін қамтамасыз етеді және шешім қабылдауда теңгерімділікті сақтайды. Сонымен қатар, Конституция Парламенттің өкілеттігін, депутаттардың мәртебесін нақты реттейді. Парламенттік дәстүрлердің қалыптасуы әр елдің саяси мәдениетіне байланысты. Мәселен, Англиядағы парламент бірнеше ғасыр бойы дамып, биліктің шектелуіне және демократиялық институттардың орнығуына ықпал етті. Сол сияқты Қазақстан да өз жолын таңдады. 1995 жылғы Конституция арқылы қос палаталы Парламент жүйесі бекітіліп, елдің заң шығару процесінде тұрақтылық қамтамасыз етілді. Қазіргі кезеңде Қазақстандағы парламенттік реформалар халықтың саяси мәдениетін арттыруға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Парламенттің ашықтығы мен жариялылығы күшейтіліп, халықпен кері байланыс жолға қойылып келеді. Бұл өзгерістер елдің демократиялық дамуына серпін беруде. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың дамуы парламент қызметіне де әсер етуде. Электрондық парламент, онлайн-трансляциялар, депутаттармен тікелей байланыс құралдары халықтың саяси белсенділігін арттырып, қабылданатын заңдардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Болашақта Қазақстан үшін ең маңыздысы – парламенттік институттардың тиімді жұмыс істеуі ғана емес, сонымен қатар халықтың заң шығару процесіне сенімін нығайту. Өйткені кез келген саяси реформаның табысы қоғамның қолдауына тікелей байланысты. Осылайша, парламенттің рөлі тек заң қабылдаумен шектелмейді, ол мемлекет пен халық арасындағы сенімділіктің, әділеттіліктің және тұрақтылықтың кепілі болып қала береді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, парламенттік жүйе мемлекет дамуының деңгейін айқындайтын негізгі институттардың бірі. Мысалы, Ұлыбританияда парламент ғасырлар бойы эволюциядан өтіп, бүгінгі күні әлемдегі ең тұрақты демократиялық орган ретінде танылды. Германияда федеративтік құрылымға байланысты қос палаталы Бундестаг пен Бундесрат аймақтардың мүддесін тең дәрежеде қорғайды. Ал Швеция мен Финляндия сияқты елдерде бірпалаталы парламент сәтті жұмыс істеп, қарапайым әрі тиімді заң шығару жүйесін қалыптастырып отыр. Қазақстан жағдайында парламенттік институттар біртіндеп жетілдіріліп келе жатқанымен бірқатар сын-қатерлер де бар. Біріншіден, депутаттардың кәсіби дайындығы мен заң шығару сапасы әрқашан қоғам тарапынан сынға ұшырайды. Екіншіден, саяси партиялардың шынайы бәсекелестігі мен парламенттік көппартиялық жүйенің толыққанды дамуы әлі де өзекті. Үшіншіден, халықтың сенімі мен белсенділігін арттыру үшін парламенттік қызметтің барынша ашық болуы қажет. Осы сын-қатерлерді еңсеру үшін қоғамдық бақылауды күшейту, жастардың саясатқа қатысуына мүмкіндік беру және цифрлық технологияларды кеңінен қолдану маңызды. Сондай- -ақ халықаралық тәжірибені ескеріп, ұлттық ерекшеліктерге бейімдеу Қазақстандағы парламенттік жүйенің тиімділігін арттыра алады. 2022 жылғы референдумнан кейін елдің саяси жүйесі «Күшті Президент – Әсерлі Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген реформаларға бағытталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды бастама көтерді. Ол – қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшу. Президент бұл қадамды қоғамның жан-жақты талқылауынан кейін 2027 жылы референдум арқылы қабылдауға болатынын атап өтті. Сонымен қатар, егер Мәжіліс жалғыз палата ретінде қалса, депутаттарды тек партиялық тізім бойынша сайлау ұсынылды. Президент ұсынған реформа Қазақстандағы парламенттік институттарды қайта форматтап, заң шығару процесін жеңілдетеді. Дегенмен, өңірлік мүдделерді сақтау тетіктерін ойластыру, партиялық жүйенің әділ әрі тең болуы, қоғамдық пікірді барынша ескеру – реформаның табысты болуының негізгі шарттары. Себебі, парламент – тек заң шығаратын орган ғана емес, ол елдің демократиялық келбетінің айнасы. Қазақстан үшін парламенттік институттарды дамыту – құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құрудағы басты шарттардың бірі.
Ғалым ТЕЛЕУОВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті құқық және экономика факультетінің деканы, философия докторы (PhD)





























