«Бұл – жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы. Осы салаға бұрынғыдай айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз. Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек» – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз Жолдауында нақтылап атап өтті.
Шын мәнінде мәдениет саласына үлкен қолдау бар. Мәселен облыста ауыз толтырып айтатын көптеген жұмыстар атқарылды. Әсіресе жаңадан мәдениет ошақтары бой көтеріп, кейбір ауылдық клуб пен Мәдениет үйлері қайта жаңғырды. Оның сыртында қызметкерлерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында түрлі құрал-жабдық алынып, жаңа серпін берді. Осының барлығы ел мәдениеті мен өнерге деген қамқорлықты білдіреді. Расымен де біз заман талабына сай қызмет көрсетуіміз керек. Бүгінде жаһандану кезеңінде түрлі жаңа технология өмірімізге араласып, өзгеріс енгізуде. Біз бұл үрдістер «мәдениет саласының қызметіне қатысы жоқ, біз тек өнер адамдарымыз» деген сөзден аулақ болғанымыз жөн. Ұлтымыздың ұлы мұрасын, өнерін, әдеп-ғұрпын әлемдік деңгейге шығаруда осы жаңа технологияның көмегін пайдалану, сол арқылы әлем назарын сайын далаға аударуды мақсат тұтқанымыз абзал. Биыл театр, кино әртісі Бикен Римованың атындағы театр фестивалі үшінші мәрте өтіп отыр. Бұл халықаралық фестивальге әлемнің әр бұрышынан өнер ұжымдары келіп, классикалық қойылымдарын қойып, көрермендерді қуантты. Осындай шығармашылық байланыс арқылы мәдениетімізді әлемге таныта аламыз. Сонымен қатар, жаңа технологияны пайдалана отырып, өнерімізді сыртқа шығарып, әлемдік өркениеттің көшіне ілестіре аламыз деп ойлаймын. Мемлекет басшысының айтып отырғаны да осы мақсат. Рас, қазір әлемге құлаш сермеген өрендеріміз бар. Оны жоғары бағалап, шетелдіктердің қызығушылығы артып жатқандарын да көріп, байқап отырмыз. Мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Халқымыздың мол мұрасын насихаттау арқылы, біз еліміздің экономикасының артуына да үлес қосамыз. Осы Ұлы өнер арқылы туризм саласына жол салатынымызды да ұмытпағанымыз жөн.
Қайрат АБЫЛҚАСЫМОВ,
облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары
https://7-su.kz/janalyqtar/kuenderek/madeniet-turizmnin-kure-zholy-78956/





























