Бейбіт Исабаев инвесторлармен жел электр станциясы құрылысының жобасын іске асыру туралы мәселені талқылады

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар өңір аумағында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 250 МВт болатын жел электр станциясын салу жобасын талқылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ҚХР «Envision Energy» инвестор компаниясы жүзеге асыратын жоба аясында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйесі орнатылған заманауи жоғары технологиялық станция салу көзделген. Жобаны Қаратал ауданының аумағында жүзеге асыру көзделіп отыр. Жобаның құны – 215 млн АҚШ доллары. Аталған бастаманың жүзеге асырылуы өңірдегі жасыл энергетиканы дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болады деп күтілуде.

Инвестор компанияның қызметі, соның ішінде «ақылды» жел турбиналары мен энергия жинақтау жүйелерін өндіру бағыттары туралы баяндаған компанияның аға вице-президенті Вэй Вэйдің айтуынша, жобаның жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 3200 сағаттан асады деп болжануда.

Кездесу қорытындысында өңір басшысы:

– Энергетика – облысымызды дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жобалар, оның ішінде жел электр станцияларын салу жобасы біз үшін аса маңызды. Осыған байланысты жобаға қолданыстағы заңнама аясында қажетті қолдау көрсетілетін болады, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Кездесу соңында тараптар пікір алмасып, жобаны тиімді жүзеге асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз