Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда елдің жаңа даму бағытын айқындады. Президенттің айтуынша, заманауи мемлекет тиімді де ашық болуы үшін цифрлық шешімдерге сүйенуі қажет. Бұл – уақыт талабы, өркениетті елдер қатарына қосылудың нақты жолы.
2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметтер толықтай «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге көшуде. Бұрын бір анықтама алу үшін бірнеше мекемеге баруға тура келсе, қазір бұл қызметтер Egov.kz, Digital ID және басқа да платформалар арқылы бірнеше минутта жүзеге асады. Бұл – бюрократияны азайтып, халықтың уақытын үнемдеудің нақты көрінісі. Президент Тоқаев бұл бағытта «Smart Government» тұжырымдамасын іске қосу керегін айтты. Бұл барлық мемлекеттік қызмет пен шешім қабылдау процесін біртұтас цифрлық жүйеге біріктіру. Мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу жылдамдығы артып, азаматтың өтініші автоматты түрде тіркеліп, оның орындалуы нақты бақыланады. Мұндай жүйе мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрландыру тек ыңғайлылық үшін емес, әділдік пен ашықтықтың да кепілі. Президент атап өткендей: «Әрбір мемлекеттік шешім мен іс-әрекет цифрлық із қалдыруы тиіс. Бұл – жемқорлықты азайтудың ең сенімді жолы». Осы мақсатта «Ашық бюджет», «Цифрлық мониторинг орталықтары» сияқты жобалар іске қосылды. Енді кез келген азамат өз өңіріндегі жол, мектеп, аурухана құрылысына бөлінген қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын онлайн көре алады. Мұндай ашықтық – қоғам тарапынан сенім мен бақылаудың нақты тетігі.
Биылғы Жолдауда Президент ЖИ технологияларын мемлекеттік басқару ісіне белсенді енгізуді тапсырды. Қазірдің өзінде бірқатар министрліктер жасанды сана арқылы деректерді талдау, бюджетті жоспарлау және әлеуметтік саясатты бағалау жұмыстарын автоматтандырып жатыр. Бұл – шешім қабылдау сапасын арттырып, адам факторынан туындайтын қателіктерді азайтады.
Сонымен қатар, цифрландыру кадрлық жүйеге де жаңа талап қойып отыр. Мемлекеттік қызметкер енді компьютермен жұмыс істей білетін маман ғана емес, аналитикалық ойлайтын, деректермен жұмыс істейтін кәсіби тұлға болуы тиіс. Президент бұл туралы: «Болашақ мемлекеттік қызметкер – технологияны меңгерген, дерек арқылы сөйлейтін, қоғаммен ашық диалог орната алатын тұлға», – деп атап өтті. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру мемлекеттік аппаратты жаңартудың маңызды бөлігіне айналды.
Алайда, цифрлық басқару жүйесін енгізу оңай үдеріс емес. Президент бұл жолда техникалық инфрақұрылым, интернет қолжетімділігі және деректер қауіпсіздігі мәселелерін шешу қажет екенін де айтты. Әсіресе шалғай ауылдарда интернет жылдамдығы төмен, ал цифрлық қызметтерге қолжетімділік шектеулі. Бұл теңсіздікті жою – жаңа реформаның маңызды шарты. Сонымен бірге, цифрлық деректерді қорғау мен жеке өмірге қол сұқпау – мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің негізгі кепілі. Жасанды сана мен үлкен деректердің мүмкіндігін пайдалану барысында этикалық нормаларды сақтау да басты назарда болуы тиіс.
Асхат САҒИДОЛДАҰЛЫ
https://7-su.kz/janalyqtar/kultobe/memlekettik-basqarudagy-czifrlyq-qadam-74448/





























