Текелі қаласында жаңа су электр станциясы салынуда. «Қора ГЭС-2» ЖШС-нің бұл жаңа жобасының іске асырылу барысымен Текелі қаласына барған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Серіктестік директорының орынбасары Петр Тарасенконың айтуынша, жаңа станцияның қуаттылығы 26 МВт болады. Жобаны іске асыруға 9,1 млрд. теңге жеке инвестиция тартылған.
— Қазір «Қора-2» ГЭС құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс алаңында 70-тей адам жұмыс істеуде. Нысанның дайындығы шамамен 80 %. Мұнда 3 көлбеу генератор жұмыс істейтін болады. Биыл бірінші генераторды іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал жоба толық көлемде 2027 жылы аяқталады, — деді П. Тарасенко.
Жалпы, облыстың белгіленген энергетикалық қуаты 333 МВт, соның 271 МВт жаңартылған энергия көздеріне (ЖЭК) тиесілі. Бұл ретте өңірде ЖЭК-тің 19 нысаны бар, соның 15-і жалпы қуаты 147 МВт болатын гидроэлектр станциялары, сондай-ақ 2 жел, 2 күн электр станциялары жұмыс істейді. Ал 2026-2028 жылдары жасыл энергияның жалпы қуаты 190,7 МВт болатын 10 жаңа нысаны іске қосылады деп жоспарланған. Атап өтсек, бұл жобалардың бәрі жеке инвестиция есебінен іске асырылады.
Осы күні Бейбіт Исабаев «Текелі энергокешені» ЖШС-да болып, ондағы бу-газ қондырғысын жаңғырту және ұлғайту жобасының іске асырылу жұмыстарын көрді.
— Қазіргі кезде энергокешенде бу-газ қондырғысының құрылысы бойынша жаңғырту жүргізілуде. Бүгінгі күнге екі кезеңі аяқталып, жалпы қуаты 36 МВТ болатын газ турбинасы іске қосылды. Енді үшінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Онда 3 утилизатор қазандығы мен қуаты 17 МВт бу турбинасы қойылады. Сол сияқты станцияның көмір жағатын бөлігі де модернизациядан өтеді. Онда 2 бу турбинасын жаңасына ауыстырамыз. Осылайша, жалпы алғанда станцияның электр беру қуаты 78 МВт және жылу қуаты 65 Гкал/сағ дейін ұлғаяды, — деді серіктестіктің техникалық директоры Тимур Бижанов.
«Текелі энергокешені» ЖШС – қаланың тұтынушыларын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз жылу көзі, сонымен қатар облыс аумағындағы электр энергиясын өндіретін негізгі база болып саналады. Бұл ретте бу-газ қондырғысын жаңғырту мен ұлғайту бағытындағы іргелі инвестициялық жоба экономикалық өсімге және электр мен жылу энергиясына деген сұраныстың артуына байланысты қолға алынған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.





























