Жер, ел, тіл, дін сынды төрт құбыламызды түгендеп, оны дамыту үшін мәдениетіміз өркендеуі керек. Дін мен мәдениет- адамзат қоғамының қалыптасуында зор маңызға ие.
Дін-адамның рухани қажеттіліктерін қанағаттандырса, мәдениет-адамның өмір сүру салтының, ой-санасы мен дүниетанымының көрінісі. Мәдениетті халықтың ауызбірлігі, қанымен біте қайнасып біткен жанашырлығы, пейлінің кеңдігі өзге құндылықтарға жол аша түседі. Ұлттық болмысымызды ұрпақтан ұрпаққа жалғайды. Осы екі құндылықты өзара үйлестіре отырып дамыту-бейбіт, тұрақты және өнегелі қоғам құрудың негізі болып табылады. Халқымыздың мәдениеті-ғасырлар бойы қалыптасқан терең рухани, әлеуметтік және дүниетанымдық құндылықтардың жиынтығы. Бұл мәдениеттің түп- тамырында ислам дінінің орыны ерекше. Оның айқын көріністерін салт-дәстүрімізден, тіл мен әдебиеттен ,моральдық құндылықтардан байқаймыз. Баланың дүниеге келуі, бесікке салу, сүндетке отырғызу, құда түсу, неке қию, жаназа шығару т.б. сияқты салттардың барлығы ислам шариғатына сай орындалады. Ақын-жазушылардың еңбектерінен діни ұғымдарды жиі ұшыратамыз. Адалдық, ата-анаға құрмет, ізгілік, сабыр, мейірімділік, жылағанды жұбату, жәрдем беру т.б. моральдық құндылықтар-ислам этикасымен ұштасып жатыр. Ораза және Құрбан айтты ислам дінінің үлкен мейрамдары ретінде ғана емес мәдениетіміздің көрінісі ретінде кең көлемде атап өтеміз. Көптеген тарихи ескерткіштеріміз дін мен мәдениеттің байланысын паш етіп тұрғандай. Айтар болсақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб, Бекет ата, Алаша хан мазарлары-діни әрі мәдени орындар санатында. Байқасаңыздар қазақтың салт-дәстүрі мен рухани өмірінің өзегінде исламның ізі сайрап жатыр. Сондықтан да дін мен мәдениетті егіз ұғым ретінде қабылдаймыз.
Гүлжанат Нұршанова
Фото: egemen.kz





























