Баласы Жәлменденің Пышан едім…

118

Ақын, сазгер Пышан Жәлмендеұлының 140 жылдығына арналған «Баласы Жәлменденің Пышан едім» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Шығармашылық мұрасын сақтау, насихаттауға бағытталған жиын барысында облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген  «ПЫШАН-ПЫРАҚ»  атты кітаптың тұсауы кесілді.

Алғашқы сөз Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовке берілді. Ол «Қазақ халқының өткеніне үңіліп, ұлы тұлғаларды еске алу біз үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында ұлттың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың мерейлі даталарын атап өтудің маңыздылығын айтып өткен болатын. Әрбір ұлы тұлғаның мерейлі күні — ұрпақ мақтанышы. Себебі, олардың еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттың болашағына ықпал етуші. Қасиетті бабалардың салған сара жолы біздің Жетісу жерінде сайрап жатыр. Сол данагөй бабалардың бірегейі — Пышан Жәлмендеұлы. Ол небәрі 17 жасында болыс болып, ел басқарған тұлға. 1921 жылы жала жабылып, 37 жасында ату жазасына кесіліп, Шайқорғанда жерленген. Ақынның шығармашылығы терең философиялық ойларымен, адамгершілік құндылықтармен және әділдікке деген ұмтылысымен ерекшеленеді. Оның өлеңдері мен әндері халық арасында кең таралып, бүгінгі күнге дейін сақталған. Ақынның рухани мұралары туған халқы мен оның ізін жалғайтын ұрпақтары бар кезде жылдан-жылға  өлмек емес»-деп  биылғы жылы ағартушы, этнограф Шоқан Уәлиханов пен жыршы әрі батыр Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығы, хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, әнші, актер, режиссер Қанабек Байсейітовтің 120 жылдығы, әйгілі күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы, жазушы, журналист Әнуар Әлімжановтың 95 жылдығы, актер Құман Тастанбеков пен ақын Жұматай Жақыпбаевтың 80 жылдығы Жетісу облысы бойынша аталып өтілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бағдарлама аясында  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анарбай Бұлдыбай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, Жетісу және Алматы облыстарының Құрметті азаматы, қаламгер Наурыз Қылышбаев, заң ғылымдарының докторы, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалаирйи дерек пен дәйекке негізделген  баяндама жасады. Жетісу облысы мәдениет басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов «Зобалаң жылдарында жазықсыз атылып кеткен қазақ зиялысының бірі Жетісуда өмір сүрген Пышан Жәлмендеұлының есімі қазақтың Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сияқты еркін ойлы өнер дүлдүлдерінің қатарында аталады. Өзі орысша білім алған сауатты, жүйрік ұстап, құс салған саятшы, ділмар шешен әрі қара қылды қақ жарған әділ болған адам. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей артында өшпес із қалдырған Пышан бабамыздың есімі ұмытылмақ емес»-деп атап өтті. Айта кетейік, Пышан Жәлмендеұлы атындағы бірінші Республикалық «Сұңқар едім шөлдегі, сұлтан едім елдегі» атты дәстүрлі әншілер байқауы облыс орталығы Талдықорған қаласында жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Аталмыш байқаудың бас жүлде иегері Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншісі Есхат Нұрәли әннен шашу шашты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз