Бейбіт Исабаев Текелі қаласының әкіміне абоненттерді газға қосу жұмысын жеделдетуді тапсырды

Жетісу облысының Текелі қаласына өткен жылдың желтоқсан айында табиғи газ толық жеткізілді.  Дегенмен бүгінге дейін тұрғындардың 32,6%-ы ғана газға қосылған. Осыған байланысты қала тұрғындарымен болған кездесуі кезінде өңір басшысы Бейбіт Исабаев қала әкіміне абоненттерді газға қосу жұмысын ширатуды тапсырды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Атап айтқанда, 2023-2025 жылдары қалада 194,2 км газ тарату желілері салынып, 187 көпқабатты тұрғын үйге газ құбыры тартылған болатын. Бүгінгі күнге мұнда 1915 абонент газға қосылған, оның 1515-і — жеке тұрғын үй болса, 8-і — көпқабатты тұрғын үйлердегі 400 пәтер.

— Қала халқының табиғи газға қосу қарқынын жеделдету керек. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін мүмкіндіктер де,  қажетті құралдар  да жеткілікті. Сондықтан аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын, – деген Бейбіт Исабаев қала басшысына жеке сектор тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін жеткізді.

Бұл ретте үйлері газға қосылған текеліліктер инфрақұрылымның жақсарғанына риза. Солардың бірі Кенже Қыстаубаева:

— Газ қостырғаннан бері үйімізде бірінші жыл қыстадық. Көршілеріміз де газ қостырды. Бұл көшеде көп балалы отбасылар, қарт адамдар да көптеп тұрады, әсіресе соларға рахат болды. Бәріміздің де үйіміз қыста жылы, ризамыз. Бұрынғыдай 4-5 тонна көмір жағып, күл шығару жұмысынан құтылдық. Бұған дейін сыртқа шықсақ, қыста үйге міндетті түрде от жағуға бір адам қалдыруға тура келетін, өйткені жылу батареясы қатып қалса, жарылып кетеді деп қорқатынбыз, енді қиналмай қалаған жағымызға шығатын болдық. Осы жобаның басы-қасында болған азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Қалалықтарды газға қосылуға шақырамын, — дейді ол.

Еске салсақ, Жетісу облысы құрылған кезде өңірде небары 5 елді мекен немесе халықтың 27% газдандырылған болатын. Атқарылған шаралардың нәтижесінде 2023–2025 жылдары газдандыру деңгейі 67%-ға жетіп, 467 мың тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар өткен жылы «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталды. Жеке инвестициялар есебінен Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 84 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 88 млрд теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Аталған жобаларды іске асыру жұмыстары биыл басталады. Осы жобалардың нәтижесінде 2028 жылы облыстағы 210 елді мекен газдандырылып, 652 мыңнан астам тұрғын немесе облыс халқының 93,8%-ы табиғи газға қол жеткізеді. 

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызмет.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз