Іскер әйелдер қауымдастығының мерейлі белесі

3

Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 30 жыл және Жетісу облысы Іскер әйелдер қауымдастығының 5 жыл толуына орай 2025–2026 жылғы маусымының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

 

Іс-шара барысында қауымдастықтың атқарған жұмыстарының қорытындылары шығарылып, жүзеге асырылған жобалар мен бағдарламалардың нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар, «Startup Women» жобасына қатысушы кәсіпкер әйелдердің жетістіктері мен табысты тәжірибелері көпшілік назарына ұсынылды. Жетісу облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Анель Капекова, «Mastermind» бағдарламасының жетекшісі Ирина Чен және менторинг бағдарламасының жетекшісі Анастасия Плаутина соңғы бес жылда атқарылған жұмыстарға жан-жақты шолу жасап, қауымдастықтың негізгі жетістіктері мен өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы маңызды бастамаларды атап өтті. 2021 жылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған тұрақты алаң құрылып, өңір экономикасының дамуына ықпал ете бастады. Қазіргі таңда аталмыш қауымдастық өз білімін және ресурстарын біріктіріп, ортақ өсім мен өзара тиімді ынтымақтастыққа жұмыс істейтін 58 белсенді қатысушыны, өңірдің түрлі салаларын қамтитын 80-нен астам кәсіпті және мыңдаған тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етуде. Басқосу барысында алдағы кезеңге арналған мақсат-міндеттер де айқындалды. Атап айтқанда, өңірдегі кәсіпкер әйелдерді ортақ алаңға біріктіру, халықаралық деңгейдегі форум ұйымдастыру, әйелдердің қоғамдық және іскерлік белсенділігін арттыруға бағытталған «Қаладағы әйел» жобасын жүзеге асыру секілді маңызды жоспарлар сөз болды. Шараға қатысушылар қауымдастықтың өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда ерекше рөл атқарып отырғанын атап өтті. Олардың айтуынша, ұйым өзара қолдау мен тәжірибе алмасуға жағдай жасап қана қоймай, жаңа бастамалар мен жобалардың жүзеге асуына ықпал етіп келеді, қауымдастық қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналған белсенді, іскер әрі жанашыр әйелдерді бір арнаға тоғыстырып отыр. Салтанатты шараға қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мереке иелерін құттықтап, жергілікті кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласының экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттырудағы стратегиялық еңбегі, отандық шағын және орта бизнесті өркендетуі, тұрақты жұмыс орындарын құруы және қаланың әлеуметтік маңызды бастамаларын іске асырғаны үшін бірқатар кәсіпкерлерді марапаттады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз