Жетісу облысы прокуратурасының бастамасымен облысымызға мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры, ұлағатты ұстаз Оразкүл Асанғазықызы арнайы келіп, Талдықорған қаласында және аудандарда жылы жүздесулер ұйымдастырылуда.
Талдықорған қаласының Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен отбасы құндылықтарын насихаттау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, ұрпақты салт-дәстүрлерді құрметтеуге үндейтін шараға шаһар тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ақ жаулықты әжелер, жастар қатысты.
Қазақ халқы ежелден жетімді жылатпай, жесірді қаңғытпай, үлкенге- құрмет, кішіге-ізет білдіріп, қариясы бар үйді қазыналы, баласы бар үйді берекелі шаңыраққа теңеген. Әйтседе, бүгінгі таңда тірі жетімдер мен тірі жесірлер көбейіп, бала әкесіз, қарттар қараусыз қалып, отбасы құндылығы құрдымға кетіп жатқаны жасырын емес. Өзегіңді өртер қоғамдық дертпен күрес жүргізу үшін арнайы заң қабылданып, жұмыс істеліп жатқанымен осы орайда әрине, оның алдын алу, жастарды ұлттың, отбасының құндылықтарын дәріптеуге баулу аса маңызды. Жас толқынның бойына өнегелі тәрбие сіңіруде аға буынның берері мол. Тағылымға толы кездесуде Оразкүл Асанғазықызы бақытты отбасын құрудағы әкенің орны, аналардың рөлі, отбасы берекесі, бала тәрбиесі, қазақтың тілі, ділі туралы ағыла ақтарылды, әсерлі әңгімеледі. Елдің әр аймағында жұмыс істеген жылдарындағы өмірлік тәжірибесі мен естеліктерін, аналық кеңестерін әр тыңдаушының жүрегінен жол таба отырып жеткізе білді. Тәлім-тәрбиелік мәні зор, шаңырақтың бақыт кілтін қалай табуға болатынын жастарға насихаттайтын осындай шаралардың маңызы өте жоғары. Баланы ана емес, телефон тәрбиелеп жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бала тұрмақ үлкендердің өзі қолымыз қалт етсе, кітапқа емес, телефонға телміреміз. Себебі, өркениеттер тоғысуында өмір сүріп жатқан қазақ халқы да осы үрдіске араласуға мәжбүр. Бірақ, қазақтың тілі мен ділі, дәстүрі мен танымы, тасқа қашалған тарихы, әдебиеті мен мәдениеті жоғалмайды. Оған араша болар тұлғалар аз емес. Оразкүл Асанғазықызы сынды халқымыздың қаймақтары жалындап жанған рухты жастарымызға үлгі болып, болашағына сәуле шашады. Кездесу соңында Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» кітабының тұсауы кесіліп, қоғам қайраткеріне құрмет көрсетілді. Кітап автордың өз өмірі мен тәжірибесіне сүйеніп жазылған. Жастарға отбасын құрудың жауапкершілігін, оның берекесі, һәм бекемдігін сақтаудың нұсқаулары ұлттық құндылықтар мен заман ағымына сай өрілген. Көпшілік оқырманға арналған туынды Абай ақынның: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың»– деген алғысөзбен ашылған. Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабында: «Егемен еліміздің ең қымбат қазынасы-адам және оның өмірі, құндылықтары мен бостандығы» екені жазылған. Демек, «Қазақстан» атты ортақ отанымыздың басты байлығы – Адам! Ал адам баласының өмірдегі ең бағалы құндылығы не десек – бұл оның отбасы. Даналықпен сусындағын қазағымның – «Отан отбасынан басталады» деп айтуы бекер емес. Себебі халқымыз «отбасы бүлінсе, ел бүлінеді» деп сенген. Сондықтан шаңырақтың шайқалмауын қадағалап отырған. Тіпті баршамызға белгілі «Жеті жарғы» заңдар жинағында «Отбасы және Неке» заңы бөлек қаралып, ерлі-зайыптының тату-тәтті ғұмыр кешуіне бар жағдайын жасаған. «Отбасы» ұғымының өзі «оттың басы» дегенді білдіреді. Яғни, отбасы бұл-ең жылы,ең жайлы, адам үшін ең жақын әлеуметтік орта және отбасының беріктігі-бүкіл елдің жаңғыруының, береке-бірлігінің темірқазығы. Алайда, еліміздегі ажырасу көрсеткіштері, жастардың отбасын құруға деген ықыласының азайып жатқаны қоғамдағы отбасы институтына кері әсер етуде. Бұл жағдай бүгінде біздердей аға буын өкілдерін алаңдатып отырғаны рас. Мәңгілік ел болдудың қазығы-өнегелі яғни, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәуелі бәйтеректей мықты отбасылардан басталады. Сөз басын Абай сөзімен бастауымның да мәні осында. Әрқайсымыздың адамшылық қарызымыз бар, соны өтеу жолында өнімді еңбек етіп, өскелең ұрпаққа үлгі көрсеткеніміз дұрыс. Хакім Абай алғашқы қара сөзін де: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,- деп бастайды емес пе? Мен де осы ойды арқау етіп, өмірлік тәжірибеме әрі өмірден білген-түйгеніме, алған білім-білігіме сүйене отырып, «Отбасы берекесі» атты кітап жазуға бекіндім. Бұл кітапта жастар үшін отбасын құрудың алғышарттары,шаңырақ шаттығын сақтаудың амалдары мен жас ұрпақ тәрбиесі тақырыптары ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүріміз бен заман қажеттілігіне сай жазылған,-дейді Оразкүл Асанғазықызы.
Гүлжанат Нұршанова.