2026 жылдың алғашқы 5 айында 400ге жуық жетісулық мемлекеттік қызметтерді «Жеке менеджер» сервисі арқылы алған. Бұл қызмет халыққа қызмет көрсету орталықтарында да, көшпелі форматта да қолжетімді, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жетісу облысы бойынша филиалы.
«Жеке менеджер» қызметі барлық ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ларда ұсынылады. Ал жылжымайтын мүлікке қатысты мемлекеттік қызметтерді алу үшін азамат тіркелген жері бойынша жүгініп, келісімшарт жасайды. Осыдан кейін жеке менеджер құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңінде қызмет алушыға жеке қолдау көрсетіп, қызметті басымдықпен алуға мүмкіндік береді.
Қызмет құны халыққа қызмет көрсету орталықтарында – 5 697 теңге, ал мамандандырылған ХҚКО-ларда – 6 306 теңге.
Сонымен қатар, түрлі себептермен ХҚКО-ға келе алмайтын азаматтар үшін жеке менеджердің көшпелі қызмет көрсету форматы қарастырылған. Бұл жағдайда маман алдын ала берілген өтінім бойынша келісілген уақыт пен мекенжайға барып қызмет көрсетеді. Көшпелі қызмет көрсету құны – 7 447 теңге.
Айта кетейік, көшпелі формат ХҚКО-ның мемлекеттік қызметтері бойынша ғана көрсетіледі. Алайда паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен көлік құралдарын қайта тіркеу қызметтері бұл форматқа кірмейді.
Аталған сервис әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналар, жұмыс кестесі тығыз азаматтар мен кәсіпкерлер арасында кең сұранысқа ие. Қызметті кез келген азамат өз қалауымен пайдалана алады.
Жеке менеджердің көшпелі қызметіне өтінім беру үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтындағы «Қызметтер» бөлімінен «Жеке менеджердің үйіне бару» қызметін таңдап, өтінім қалдыру қажет. Сондай-ақ 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да кеңес алып, өтінім беруге болады.





























