«Аз и Я» кітабына 50 жыл

332

Қазақ ақыны, жазушы, «ХХІ ғасыр Адамы» атағының иегері, Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов биыл 89 жасқа толып отыр. Ақынның әлем халқының санасына сілкініс жаскаған атақты «Аз и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл.

Туынды 1975 жылы 100 мың данамен жарық көрген болатын. Осы айтулы күнге орай Алматы қаласында «Түркіславистиканың бастаулары» тақырыбында білім мәдениетін қолдауға арналған конференция өтті. Әлемнің айтулы тұлғалары мен қазақтың танымал азаматтары бас қосқан жиында оқырманның санасын қалыптастырып, жарты ғасыр бойы түрлі мәдениетті жақындатуға әсер еткен кітаптың тарихи рөлі талқыланды.

Сағымбай Қозыбаев,тарих ғылымдарының докторы:
– Еңбек жарық көрген жылдардан бастап автордың көрмегені жоқ. Өзі қудаланды, кітаптары өртелді. Десе де,шығарма өзінің тарихи салмағын жоғалтпай, керісінше талғампаз оқырманның жүрегін жаулай түсті. Бүгін Олжас Омарұлы 89 жасқа келсе де, оқырмандарының ортасынан табылып, бізбен ой бөлісіп отыр. Ойы тың, әлі де айтары бар,- дейді. Кітаптың жарыққа шыққанына 50 жыл толуына орай Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Аз и Я» кітбы қайта басылып,оқырманға жол тартты.

Толыбек Данабеков, Жетісу облысы бойынша Семей полигоны мүгедектер және ардагерлер бірлестігінің төрағасы, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы:
– Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабының 50 жылдығына арналған Халықаралық конференцияға бірлестік төрағасы ретінде арнайы шақырту алып, қатысып қайттым. Әсерім өте мол. Татарстан, Әзірбайжан, Қытай, Түркия, Ресей мемлекеттерінен келген мәдениет, әдебиет қайраткерлерімен қатар еліміздің танымал тұлғалары шығарманың маңызына тоқталып, қазақ ақыны және ойшылы Олжас Сүлейменовтың дарынын дәріптеп, батылдығына  бас иді. Ұлы ақынның өз қолынан кітабын алудың құрметі маған да бұйырды. Алғысым шексіз.

Жазушы Роллан Сейсенбаев «Олжас!..» деп аталатын естелігінде шығарма туралы ойын былайша жеткізген екен: «1975 жылы Олжас Сүлейменовтің ғылыми-танымдық «Аз и Я» кітабы жа­рыққа шықты. Бүкіл кеңес одағы дүр сілкінді. Бостандық аңсаған интеллигенция қалпақтарын аспанға лақтырды. Кеңес Одағы орнағанына 58 жыл өткенде барып, социализм орнатуға жан салған елде, тұңғыш рет ақиқат арқалаған сөздің шашуы шашылды. Ақиқат арқалаған ой түу көкке көтеріле жөнелген. Естерін әзер жиған билік, жарыққа шыққан «Аз и Я»-ны, зынданға салды. Жүз мың тиражбен шыққан кітапты туратты, өртеді. Озық ойды, озбыр билік барын салып тұншықтырды. Бірақ озық ой, ойлы адамдардың санасына еніп үлгеріп еді. Енді оны тұншықтыру мүмкін емес болатын.

Ақиқат ескен жалау жығылмады.

Ақын Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабының оқырмандарынан он мыңнан астам хат алды. Әлемде ақын көп, бірақ кітабына он мың хат алған ақын Олжас қана. Сол хаттардың көбін Мәскеуде Олжекеңе өз қолыммен тапсырғанмын.

Бұл Олжас Сүлейменовтің жеңісі болатын.

Қазақ ұлтының да.

Озық ойлы адамзаттың да»,- дейді.

Г.Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз