Мұқағали Мақатаевқа – 95 жыл

5

«Арқалы ауыл ақсақалымен баянды» демекші, қаламыздың  ардагерлері жас буынға ерлігімен де еңбегімен де үлгі. «Ата баба дәстүрі-ұрпаққа аманат» тәрбие сағаттарын өткізіп, оқушылардың бойына  адамгершілік, татулық, бірлік, елжандылық, жауапкершілік ұғымдарын терең сіңіріп, тарихты таразылауда, ұлы тұлғаларымызды дәріптеуде танымдық шараларды шаршамай атқарып келеді. Қаламыздың ардагерлері  ақын, жазушылардың, сазгерлердің шығармашылығын, мерейтойларын атап өтуді дәстүрге айналдырған.

9 ақпан-қазақтың мұзбалақ ақыны атанған Мұқағали Мақатевтың туған күні. Биыл ақынның 95 жылдық мерейтойына арналған рухани басқосу ардагерлер үшін ерекше қуанышпен есте қалды. Қазақ поэзиясында өшпестей ізін қалдырған ақынның лирикаға толы әсерлі өлеңдерін аға буын өкілдері жатқа айтып, әндерін нақышына келтіре шырқады, естеліктерімен бөлісті. Арнау өлеңдерін тебірене орындап, көпшіліктің қошаметіне бөленді. Олардың қатарында қаламыздың тұрғыны, әуесқой композитор, ақиық ақынның құрдасы- Жұман Тұрдиев Мұқағали Мақатевтың өлеңіне шығарған«Сен гүлімсің», «Сенбісің» әндерін әуелете шырқады. Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ақын-Мұратбек Қожабеков және Түркі әлемі жазушылар одағының мүшесі, ақын-Роза Жылқайдарова сиясы кеппеген туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Бақберген Асқарбеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, сазгер:
Талдықорған қаласының мың жарымға тарта ардагері осы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келуді әдетке айналдырған. Мұнда көптеген үйірмелер жұмыс істейді. Шахмат, шашки, тоғызқұмалақ, би, қолөнер, домбыра, хор, драма, ағылшын тілін үйрету, кітап оқу, йога бөлімдерімен қоса өз қызығушылықтарына қарай түрлі топтарға топтасып, таңертеңнен кешке дейін уақыттарын тиімді өткізеді. Осындай жағдай жасап отырған қала, облыс басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған кездесу өткізіп жатырмыз. Ардагерлер дән риза.  

Тұлпар ғұмыр
(Мұқағали Мақатаевқа)

Өзіңсің асу бермес асқар белім,
Кеш болса да өзіңді мақтауда елің.
Өлшеп берген ғұмырдың көмбесінен,
Арындап шауып өткен ақтаңгерім!

Жатқа айтып жырыңды ақын көңіл,
Қарасаз боп аңсайды өзіңді өңір.
Жарқ етіп өте шыққан найзағайдай,
Бізден де өтіп барады пай-пай өмір!

Өтерін бұл өмірдің қас-қағымда,
Білдің  де басқа әлемге бастадың ба?
Жұлдыз болып биікке самғап шығып,
Жарқырап тұрып қалдың аспанымда.

Айтылғанмен қаншама ойлар батыл,
Жүрексіне айтатын жайлар да тұр.
Жыр бұлақтан қандырып, ел мейірін,
Тереңіне сезімнің бойлап жатыр.

Басымды имей келмейді кете бергім,
Өлгенімше төбеме көтеремін.
Сенің ойлы жырыңнан нәр алмасам,
Бұл өмірді түсінбей өтер едім.

Бағаланбас өнерің халқың білмей,
Жарқырар ма саф алтын күтім көрмей?
Сен маған тұлпар болып елестейсің,
Ер-тұрманы кеткен бір бүтінделмей.

Мұратбек Қожабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз