Наурызнама – 2026: Жетісуда Наурыздың цифрлы образы жасалуда

Бүгін Наурызнама аясындағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде Жетісу облысында өңірдегі мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесулер, шеберлік сағаттары, шығармашылық кештер ұйымдастырылды. Мектептерде патриоттық кинолар көрсетілді, «Наурыз – жыл басы» сынып сағаттары өткізілді. Сондай-ақ Jetisu Digital ІТ-хабы базасында дизайнерлерге, студенттерге, жалпы цифрлық дизайнға қызығатын жандарға арналған Figma Contest шығармашылық байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – жастарды Наурыздың заманауи визуалды образын жасауға тарту, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Digital Nauryz іс-шарасына өткен цифрлық стикерпактар жасау креативті конкурсы көктемгі жаңару мерекесінің дәстүрін заманауи цифрлық технологиялармен ұштастыруды мақсат етті. Мұндай формат дәстүрлі бейнелерге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп, оларды әлеуметтік желілерге, мессенджерлер мен түрлі цифрлық платформаларға, басқа да қазіргі онлайн-ортаға бейімдеуге жол ашады.

Сонымен қатар конкурс арқылы қатысушылар векторлық графика мен интерфейс дизайны бойынша дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Конкурс өңірдегі креативті индустрия өкілдерінің пікір алмасып, байланыс орнататын алаңына айналды.

– Біз мұндай Figma Contest байқауын бесінші рет өткізіп отырмыз. Осындай форматтағы байқау Талдықорғанда алғаш рет өтті. Бұл – цифрлық технологияны қолдана отырып, қиялыңды қанаттандыратын, креативтілігіңді барынша көрсетуге болатын байқау. Ортақ стикерпакқа басты жеңімпаздың жұмысы таңдалып алынады, – деді «Astana Hub» халықаралық технопаркінің Талдықорған қаласы бойынша менеджері Маржан Мүлкібаева.

Осы күні Талдықорғандағы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр күніне орай «Дәстүр және тұрмыс» атты ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Аталған шара қазақ халқының ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттауға, рухани мұрасын дәріптеуге бағытталды. Сонымен қатар көрме ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, оқырмандарды кітап арқылы халық мұрасын тереңірек тануға шақырды.

— Көрме мазмұнды экспозиция түрінде ұйымдастырылып, онда 100-ден астам кітап, ғылыми еңбектер мен танымдық басылымдарды қамтитын алты тақырыптық бөлім ұсынылды. Әр бөлімде қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен дәстүрлі тұрмысын бейнелейтін құнды әдеби дереккөздер топтастырылған. Көрменің алғашқы бөлімі Наурыз мерекесінің пайда болу тарихына, оның адамзат өркениетінің дамуындағы орны мен маңызына арналды. Сонымен қатар экспозицияда отбасылық тәрбие, ұлттық дүниетаным мен қазақ халқының рухани құндылықтары туралы кітаптар да ұсынылған. Көрменің тағы бір бөлімі ұлтымыздың музыкалық мәдениетіне арналса, ұлттық ойындарға, олардың тәрбиелік мәніне және жастардың бойында ұлттық рухты қалыптастырудағы рөліне де ерекше назар аударылған. Көрме арқылы оқырмандар қазақ халқының бай мұрасымен тереңірек танысып, ұлттық мәдениет туралы білімдерін толықтыра алады, – деді кітапханашы Лина Айдын.

Сонымен қатар Мұхамеджан Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық рухтан – жаңашылдыққа» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – ұлттық мұраның уақыт ағымымен жаңарып, заманауи технологиялармен үйлесім тауып, бүгінгі қоғаммен бірге дамып келе жатқанын көрсету.

Музейдің аға ғылыми қызметкері Айгүл Әлімбаева бұл туралы былай дейді:

– Экспозицияда дәстүрлі тұрмыста қолданылған торсық, саба, күбі, келі мен келсап, қазан, жер ошақ пен мосы, бесік, кісе белдік сияқты бұйымдар қойылған. Табиғи материалдардан жасалған бұл экспонаттар қазақ халқының көшпелі өмір салтын айқын көрсетеді, олар экологиялық тұрғыдан таза әрі өте ыңғайлы. Сонымен қатар әрбір бұйым тек тұрмыстық қызмет атқарып қана қоймай, ұлттық дүниетаным мен эстетиканың көрінісі саналады. Осылайша, келушілерді қазақ халқының дәстүрлі тұрмыстық бұйымдарының тарихи, мәдени және технологиялық маңызымен таныстырып, олардың қазіргі заманғы нұсқаларымен байланысын көрсетеміз. Себебі ұлттық мұра – тек өткеннің бір бөлігі ғана емес, ол бүгінгі қоғаммен бірге өмір сүріп, бірге дамып келе жатқан құндылық, – дейді ол.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз