Жұқпалы аурулар барлық кезеңде адамның басты жауы болған. Тарихта шешек, оба, тырысқақ, қызылша, тұмаудың эпидемиясы кезінде миллиондаған адам көз жұмған.
Адамдар жұқпалы ауруларға қарсы түрлі тәсілдер қолданды, бірақ тек вакцина пайда болған соң ғана жұқпалы ауруларға қарсы күрестің жаңа заманы басталды.
Вакциналардың құрамына әлсіздендірілген, өлтірілген микроорганизмдер немесе олардың компоненттері енгізілген. Сондықтан олардың ауруды тудыру мүмкіндігі жоқ.
Вакцина организмге енгізілгенде иммундық жүйе ауру қоздырғышының белгілерін есте сақтап, олармен күреседі, кейін инфекциямен кездескен кезде қоздырғышты танып, жояды.
Вакцинаның арқасында жыл сайын әлем бойынша миллиондаған адамның өмірін алған шешек ауруы толығымен жойылды.
Қазіргі уақытта полиомиелитті жою жұмыстары жалғасуда, дифтерия, қызамық, эпидемиялық паротит, ВГВ жүз есе, мың есе төмендеді. Бірақ ауру азайған сайын адамдар ол аурудың ауырлығын ұмытып жатыр.
Полиомиелит 20 ғасырда ең қауіпті деп саналды, аурудың нәтижесінде балалардың бұлшықеті семіп, аяқ-қолы мен дене пішіні қисайып, мүгедектікке әкелді.
Қызылшаға бактериялды инфекцияның қосылуынан, ауыр түрде пневмония, энцефалиттен мүгедектік дамыды, жыл сайын жер бетінде 3 млн аса адам көз жұмды.
Дифтериядан жүрек-қантамыр жүйесі, бүйрек, жүйке жүйесі зақымдалып, тыныс алу мүшелері салданып, 50% дейін өлімге әкелді (қазіргі ем дамыған кездің өзінде өлім-жітім 3%).
«Бүгінгі күні екпеден бас тартып, себепсіз егілмеу салдарынан, ұжымдық иммунитет төмендеп 2023 жылдан бастап қызылша, көкжөтелден бұрқету жағдайлары орын алуда. Жетісу облысында 2023 жылы қызылшаның 576, 2024жылы 727 және көкжөтелдің 177 жағдайы тіркелді. Қызылшамен ауырғандардың 80%, көкжөтелмен сырқаттанғандардың 92% вакцина алмағандар. Қазір қолданылатын вакциналардың қауіпсіздігі жоғары. Екпе түріне қарай иммунитет бірнеше айдан бірнеше жылға, кейбір жағдайда өмір бойына сақталады»,— дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.
Ұлттық күнтізбеге сәйкес вакцинация 21 жұқпалы ауруға қарсы ақысыз түрде жүргізіледі. Иммунопрофилактика бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес иммундау тек ата-ананың рұқсатынан кейін ғана жүргізіледі. Демек баланы ауыр инфекциядан қорғап қалу немесе баланың денсаулығын, кейде тіпті өмірін қатерге тігу ата-анасына байланысты!





























