Республика бойынша әлі де эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Жетісу облысында 2025 жылдың басынан көкжөтелдің 9 жағдайы, 2024 жылы көкжөтелдің 177 жағдайы тіркелді.
Cырқаттанғандардың 90% бұрын көкжөтелге қарсы бірде-бір екпе алмаған.
Көкжөтел ең жұқпалы аурулардың бірі. Науқаспен байланыста болған кезде сезімтал адамдарда ауру 90-100% жағдайда дамиды. Көбінесе мектеп жасына дейінгі балалар жиі ауырады. Аурудың шамамен 5% ересектерге келеді.
Инкубациялық кезеңі 2 күннен 3 аптаға дейін (жиі 7-10 күн). Науқастар 1-ден 25-ші күнге дейін қауіпті — жұқпалы.
Науқаста мұрыннан су ағу, түшкіру, жалпы әлсіздік, тәбеттің болмауы және жөтелге қарсы дәрілік заттарды қолданғаннан азаймайтын жеңіл жөтел пайда болады.
Бұл кезең суық тию сияқты 1-2 аптаға созылады.
Біртіндеп, 3-ші аптада жөтел күшейеді, әсіресе түнгі уақытта. Жөтел ұстамасы тәулігіне 10-15 рет болуы мүмкін.
Көкжөтел балалар арасында қайталама бактериялық инфекцияның дамуымен байланысты асқынуларды тудырады: пневмония,
бронхит, плеврит; синусит, отит, мұрыннан қан кету; конвульсия, құрысу, бас миы зақымдалуы, энцефалопатия, дамудың тежелуі, тыныс алудың тоқтауы.
«Аурудың алдын алуға болады! Көкжөтел вакцинамен басқарылатын инфекцияға жатады. Вакцинация жоспарлы түрде Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес: 2 айда→ 3 ай → 4 ай→ 18 айда, 6 жаста жүргізіледі. Қазақстан Республикасында көкжөтелге қарсы құрамдастырылған вакцина қолданылады, ол көкжөтелмен қатар дифтерия, сіреспе, полиомиелит, В типті гемофильді жұқпа, ВГВ-ке қарсы «ГЕКСА» вакцина 2, 4 айлық балаларға, «Пента» вакцина (құрамында тек ВГВ қарсы компонеті жоқ) 3, 18 айлық балаларға және 6 жастағы балаларға АбКДС (көкжөтел, дифтерия, сіреспе) вакцинасы енгізіледі», — дейді Жетісу облысының бас санитарлық дәрігері Асхат Чарапиев.





























