Құмар ойынның құрбаны болмайық

176

Ойынқұмарлық – аса қауіпті психологиялық дерт. Психологиялық тұрғыдан қараған мамандар, бұл дертке «лудомания» деген ат қойған. Кез келген тәуелділік – емдеуді қажет ететін теріс құбылыс. Ең алдымен, тәуелділік адамды еркіндігінен айырады, бұл денсаулық үшін өте зиянды.

Лудомания – құмар ойындарға тәуелділік. Құмар ойынға берілгендердің  негізгі бірнеше  белгісі болады. Олар ләззат алу үшін  ойынның бәсін  көтереді. Ойыны сәтсіз болса да тоқтамайды, есіл-дерті ойын ойнау болады, оған қажетті ақшаны қайдан алатынын жоспарлап жүреді, ойнауға мүмкіндік болмаған жағдайда ашуланады, айналасындағы адамдардың көңілін қалдыруға іштей дайын жүреді. Жақындарынан ақша сұрауға, тіпті ақша талап етуге дейін барады.  Кредит төлеймін деп алған ақшаның өзін қайтадан ойынға салып жібереді. Еш нәрсеге қызығушылық танытпайды. Күйзеліске түсіп, тұйықталады. Мұндай мінез-құлық лудоманияның ең басты белгісі. Лудомания шалдыққандар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдын айырылып, күйзеліске түседі. Тамақтану уақыты бұзылады, күн мен түннің орыны ауысады. Олар өз-өзіне қарауды тоқтатады, дұрыс тамақтанбайды, аз ұйықтайды, дене белсенділігінен бас тартады, спортпен шұғылданбайды. Сонымен қатар үнемі стрессте жүреді. Зерттеу нәтижесіне келсек, лудоманияда өзіне-өзі қол жұмсау қаупі жоғары (суицид). Мамандардан көмек сұрап келген адамдардың 1/3 өзін-өзі өлтіруге тырысқанын немесе сондай ойда болғанын мойындаған. Сондықтан лудомания әлемдегі психиатрлар мен психотерапевтер бақылайтын психологиялық аурулар қатарына кіреді.

Көбіне құмар ойындарға тәуелділік адам өмірін теріс жаққа  өзгертеді. Оңай жолмен табыс табуға құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, яғни тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоғалтады. Ағайын — туысымен, достарымен қарым-қатынасы бұзылады. Жұмыстан айырылады, қызметте мансаптық көтерілуі мүмкін болмайды, күрделі қаржылық мәселелерге тап болады, тіпті өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлыққа жеткізіп, арты  түрмеге отырумен аяқталуы мүмкін.

Мамандар лудоманияны емдеу  өте қиын екенін айтады. Адам лудоманиядан зардап шеккенін мойындамайынша  оны жеңе алмайды. Құмар ойыннан өз бетінші бас тартпайынша ол адамды емдеу мүмкін емес. Ал құмар ойыннан бас тарту процесі әрқашан ауыр. Бұл жолдан өту үшін адамда нақты мақсат болу керек. Өміріңіздегі ең маңызды құндылықтар отбасын сақтап қалу, қарыздан құтылу,  өтірік айтпау,  достықты құрметтеу, абыройды сақтау жолында әрекет ету керек. Өзіңізге сенімсіз болсаңыз ақша ұстамаңыз,  сенімді адамға беріп қойыңыз. Несиелік картаны жабыңыз, бұғаттаңыз, онлайн ставкалардың шоттарын жабыңыз, егер офлайн ойнасаңыз қолма-қол ақшаны сақтамауға тырысыңыз. Осылайша  ойындарға қол жетімділікті қиындатыңыз. Құмар ойындар бағдарламаларын, қосымшаларын жойыңыз. Құмар ойындардың ақша салмайтын, ставка тікпейтін басқаша нұсқаларын табыңыз. Егер ойынға құмарлық, адреналин  жетіспей тұрса спортпен айналысыңыз. Мүмкіндігінше экстремалды, тау шаңғысы, тау велосипеді және т.б. спорт секцияларына қатысыңыз.

Егер ойын ойнау шаршағаныңызды басатын  болса, оны да басқа хобби арқылы алмастыруға болады.  Сіз балалық шағыңызда,  жасөспірім кезіңізде  не қызықтырғанын еске алыңыз, оны қайталап көріңіз, сізге ұнайтын нәрселер табылады. Тіпті болмаса, үйді күн сайын жинаңыз, егер жер үйде тұрсаңыз аула тазалап, бау-бақшаға күтім жасау,  арам шөптерін жұлу, суғару, түптеу де  дене шынықтыру болып табылады.  Сөйтіп ойынды кейінге қалдырыңыз, не ойын туралы ойларыңызды кейінге қалдырыңыз. Тағы да ойнағыңыз келсе, ерікке жол бермеңіз, үзіліс жасаңыз. Сыртта болып жатқан табиғат аясына назар аударыңыз.

Лудоманиядан зардап шегетін жақындарыңызбен қарым-қатынас жасай отырып, оны айыптамауға тырысыңыз. Кейде лудомания құрбаны  өз іс- әрекеттеріне толық жауап бере алмайды.  Сондақтан құмар ойынға тәуелділікке қарсы тұру өте қиын болады. Бұл ретте тәуелділікті жасырудың қажеттілігі жоқ.  Ойындарға ақша беріп, қарыздардын  жапсаңыз, керісінше жағдайды қиындатасыз. Оның орнына оны кәсіби көмекке жүгінуге көндіріңіз. Құмар ойынға тәуелділіктен арылу ұзақ уақытты қажет етеді, сондықтан тез нәтиже күтпеңіз.

Елімізде лудоманиямен күрес жүргізу бойынша бірқатар жаңа шаралар қабылдануда. Тиісті заңнамаға түзетулер енгізілуде. Лудоманияға қарсы күреске бағытталған тиісті нормалар әзірленді. Бірінші кезекте бұл букмекерлік кеңселерді, тотализаторлар мен онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салу.

Екінші кезекте құмар ойын ойнауға рұқсат етілген жасты 25 жасқа дейін көтеру. Сондай- ақ,  бірыңғай борышкерлер тізімінде тұрған тұлғаларға, алимент төлеушілерге және банкке мерзімі өткен берешектері бар тұлғаларға ойын ойнауға тыйым салу көзделген.

                                                                                         Болат Сериев,

І. Жансүгіров атындағы Жетісу

университеті ҚЕ АҚ

Басқарма мүшесі — әлеуметтік

жұмыс және жастар саясаты

жөніндегі проректор

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз