Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, журналист.
Ол 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Жетісу облысы, Ақсу ауданы) туған. Жетісу өлкесінің перзенті Ілиястың көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады.
1921 жылдың жазында қолына «Институт мұғалімі» деген бір жапырақ қағазды алып, ауылына қайтады. Жетісуға оралғаннан кейін, Алматыда шыққан «Кедей еркі» газетіне бір-екі өлеңі басылған. Осы жылдың күзінде Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы «Тілші» газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген «Жетісу әйелі», «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған. 1925 жылы Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі. Өзімен қатарлас қаламгерлер сияқты Ілияс та газет-журналдарға бүркеншік атпен мақала жазып отырған.
Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, «Жетісу суреттері» «Күй», «Күйші» сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал «Құлагер» поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар. І.Жансүгіров «Дала» поэмасында Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Шу мен Сыр секілді ұлан-ғайыр өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір-тұрмысын, дәстүр-өнегелерін шабытпен суреттейді.
Бұл поэма — ақынның ең соңғы шығармаларының бірі. Ақынның толысып, кемеліне келген шағында үлкен шабытпен жазған дүниесі. Ілиясты заманның әділетсіздігіне төзе алмай, соңында дәрменсіз қалған Ақан серінің сұрапыл өмірі қызықтыра түседі. 1929 жыл Ілияс Жансүгіровтің балаларға арнап өндіре еңбек еткен кезеңі. Айналасы екі, үш жылдың ішінде «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәукеннің шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ» деген бірнеше суретті кітапшаларын көпшілікке ұсынды.
Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсастырады. Айтты-айтпады, екеуінің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр-талайында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар. Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде арындап алға шыққан шағында Ілияс та тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, мұрттай ұшты. Әйтсе де әмбебап дарын айналасы 10 жылда проза мен драматургияда, әсіресе поэзияда әдебиетіміздің алтын қорына жататын айтулы туындылар беріп, артына аса мол көркем мұра қалдырды.
Ершат Андас,
Жетісу облысының мемлекеттік архивінің архивисі