Жетісу гарнизонындағы 18386 әскери бөлімінде жас сарбаздардың Отан алдында адал болуға ант беру шарасы салтанатты түрде өткізілді.
Бұл күн жас сарбаздар мен олардың ата-аналары үшін де үлкен мереке. Ант қабылдау адам өмірінде бір рет қана келетін сәт.
Әскерге жаңа шақырылған жас сарбаздар Отан қорғаушылар атанды. Жас жігіттерді облыстық Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары — басқарма бастығы Рүстем Рахимбаев, Ескелді ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асхат Оразалинов және сарбаздардың туыстары мен жақындары арнайы құттықтауға келді. Ант қабылдаған сарбаздарға қонақтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп құттықтап қабылдаған әскери анттарына адал болуға шақырды.
Келгендеріне 1 айдай болған жас жауынгерлер әскери саптық жаттығуларға үйренген. Айта кетерлігі жауынгерлер ант қабылдамастан бұрын бір ай бойы жалпы әскери дайындықтан өтіп, сапта жүруге жаттығып, денелерін шынықтырып, қару — жарақты меңгерген. Отан алдында салтанатты түрде ант берген сарбаздарға ата-ана Маржан Едігенова ақ жол тілеп, ел үшін қызмет ететіндеріне сенім білдірді.
— Бүгін Отан алдында адал болуға ант бердім, оның өзіндік жауапкершілігі бар. Туыстарыммен жақындарымның сенімін ақтауға тырысамын. Лайықты қызмет етіп, білім мен тәжірибе жинақтаймын. Менің ойымша, бұл маған болашақта керек болады, – деді жас сарбаз қатардағы жауынгер Мағжан Әкімбек.
Алаңда «салтанатты түрде ант етемін» деген жас сарбаздардың дауыстары естіліп жатты. Осы сөзден нағыз әскери қызмет басталатынын жас сарбаздар ұғынды.
Сарбаздардың ата-аналары ұлдарының аз уақыт ішінде әскерге үйреніп, қалай өзгергендерін айтты. Ант қабылдау рәсімінен кейін командирлер сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп,балалары қызмет атқаратын орынның жағдайларымен таныстырды. Сонымен қатар сарбаздардың ата-аналары ұлдарының алдағы әскери қызметтеріне байланысты барлық сұрақтарына жауаптарын алды.
майор Жанат СЕМБАЕВ,
Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы