Жаңа медицина талабы – өркениетті білімде

210

« Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі, тіпті, артық. Әсіресе, медицина жүгі ауыр салалардың бірі.  Елімізде маусым айының үшінші аптасы Медицина қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. Осынау айтулы күн қарсаңында  ШЖҚ «Талдықорған жоғары медициналық колледжі» МКК директоры, медицина ғылымының кандидаты, қалалық мәслихаттың депутаты  Жансеңгіров Серік Максимұлымен еңбек жолы, оқу орнын басқарудағы жетістіктері турасында сұхбаттасып қайтқан едік.

Дәрігер мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Жалпы дәрігерлік еңбек жолыңыз қалай басталды?

—  Иә, дәрігер деген өте маңызды, жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі. Дәрігер болу менің бала кездегі арманым.  Мамандық таңдауда ешқашан күмәнім болған емес, себебі  туған ағам Тлеуберді Максимұлы Қабанбай ауданы ауруханасының білікті дәрігері қызметін атқарған кезде, мен көмекші болып мәйітханада алғашқы қызметімді бастадым. Медицинаға қызығушылығым   арманыма айналып, әке-шешемнің қолдауымен мектеп бітірген соң Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім, оқуды аяқтағаннан кейін Талдықорған қаласында  Обаға қарсы эпидемиологиялық станцияда дәрігер қызметін атқарып, кейін «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында бас дәрігер жұмысын атқардым. 1997 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Талдықорған жоғары медициналық колледжінің директорлығы қызметіндемін.

— Осы өзіңіз басқарып отырған колледж білімгерлеріне қандай талаптар қойылады?

    —  Соңғы жылдары медициналық тәжірибеде колледж білімгерлеріне біліктілігіне сай жоғары талаптар қойылып отыр. Соның ішінде сапалы біліммен қатар, клиникалық, коммуникативті дағдыларды дамытып, өз тәжірибелерінде қолдануы қажет. Колледж білімгерлеріне тәжірибесін шыңдауға симмуляциялық орталық, тренажорлар, заманауи тренажерлармен, манекендермен, симуляторлармен және қосымша қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.    Бұл құралдар  болашақ медицина қызметкерлерінің түрлі жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін тәжірибе тұрғысынан үйренуге септігін тигізеді. Лекция оқылып қана қоймай, білімгерлер іс жүзінде науқасқа қандай көмек көрсете алатындығын нақтылайтын арнайы тәжірибелік аудиториялар бар.  Мәселен, «Аkademik  3 D»,  «Akademik VR» виртуалды көрсету арқылы шұғыл көмек  беру, интеративті тақта,  стоматология бойынша дәрісхана, фармацевтикаға арналған кабинеттер білімгерлер үшін барынша жағдай жасалып отыр. Білім ордасында лекция оқылып қана қоймай оларға    тәжірибелік сабақтар  кесте бойынша өтеді. Сондай-ақ, Жетісу өлкесі емдік шөптерге бай болып келеді. Жақында фармацевтика бөлімінің  білімгерлері Текелі мен Көксу жаққа барып емдік шөптерді жинап келді. Олар өздерінің ботаникалық  бақтарында  дәрілік пайдалы  шөптерді өсіреді. Шағын аптекаларда дәрілік атаулармен танысып, рецептпен жұмыс жасауға машықтанады.

 -Биыл қанша түлек бітіріп отыр? Олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі қандай?

   —   80 жылдық тарихы бар Талдықорған жоғары медицина колледжі   7 бағытта 10 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі таңда 1680 студент білім алып жатыр. Биыл 436 түлек оқу орнын бітіргелі отыр.  Оның ішінде бюджеттік негізде -269  және ақылы негізде  140 бітіруші түлек.  Облыстың және басқа да өңірлердің медициналық ұйымдармен  тығыз байланыс орнатылып, қай жерге қандай мамандар қажеттілігі анықталды. Осыған сәйкес мониторинг жүргізілді. Қазіргі таңда облыс бойынша 300 орынға сұраныс анықталды. Осы сұранысқа орай мамандарды бөлдік. Қазіргі таңда олардың  68 пайызын жұмысқа орналастыруға бөліп қойдық.

-Соңғы жылдардағы мейіргерлерді даярлаудағы жаңашылдықтар…

 — 2018 жылдан бастап Финляндия қолданбалы ғылым университетінің сарапшыларымен бірлесіп әзірленген, жоғары кәсіби клиникалық бағытталған медициналық мамандарды дайындауға арналған «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасы енгізілді. Мейірбике практикасын үздіксіз жетілдіру және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мейірбике мамандығын алуды, сонымен қатар қазіргі уақытта жұмыс істейтін мейірбикелердің үздіксіз біліктілігін арттыруды қалайтындардың оқыту сапасын тиісті арттыруды талап етеді. 2018 жылдың тамыз айында Талдықорған жоғары медициналық колледжінде тәжірибедегі мейірбикелерге арналған «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың жылдамдатылған білім беру бағдарламасы бойынша оқытуға талапкерлерді қабылдап, іріктеу жүргізілді. Біздің архив төрінде жатқан  материалдардан құралған өз мұражайымыз бар. Онда осы оқу орнын басқарғандар, түлектер фотосы мен өмірбаян деректері қойылған. Мәселен, еліміздің дамуына үлес қосып, халыққа сыйлы Дінмұхамед Қонаевтың жеке дәрігері  болған Ахат Муликов  осы оқу орнының 1959 жылғы түлегі.  Ұрпақтар сабақтастығы — дәуірге кетеді. Жас буынға үлгі-өнеге боларлық  деректер  көптеп  жинақталған.

Өзіңіз халыққа қызмет дегенді қалай түсінесіз. Қанша жылдан бері қалалық мәслихаттың депутаты ретінде танылдыңыз. Қандай бастамалардың орындалуына депутат ретінде атсалыстыңыз?

    — Дәрігердердің негізгі қызметі  халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Осы орайда өте көп жұмыс атқарылып жатыр. Білікті маман даярлаумен қатар, білімгерлер еріктілер жұмысымен айналысады. Әртүрлі акцияларды өткізеді. Салауатты өмір салтын қала тұрғындарына кеңінен насихаттайды. 33 жыл деген бір мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарыштап дамуы, аяққа тұруы, мемлекет ретінде қалыптасып кетуі үшін аз ғана уақыт. Өз жеке басым туралы айтатын болсам, әр кез ел ішінде жүремін. Әлеуметтік желіде елмен жұмыс жасағанымды айғақтайтын ақпараттық бағыттағы парақшам да бар. Депутат болғанға дейін де, қазір де барлық мәселеге араласудан қалыс қалған емеспін.  Қалалық мәслихаттың 8 шақырылымына депутат болып сайланыппын.  Қаланың экономикалық, әлеуметтік, саяси өміріндегі мәселелерді шешуге ықпал етудеміз.  Кезінде  қала әкімі Ермек Алпысовпен сайлаушылардың тілегін орындағанбыз.  Сол тұста, балалар алаңдары, балалар стадионы, мөлтек аудандардың жолдарын  жөндеу жұмыстары басталды. Осы оқу орнына  студенттер жатақханасы, стадион құрылысы қолға алынды. Жатақханада  білімгерлер үшін барлық жағдай жасалған. Бір секцияда  төрт баладан тұрады, тұрмыстық құрал-жабдықтар түгелдей бар.  Әр қабатта кір жуатын орын қарастырылған. Студенттер бос уақытында  ас дайындау, қолөнер, домбыра үйірмелеріне қатысады.  Қыз балалар үшін тігін тігіп, ас әзірлеу ертең отбасылы болғанда қажет қой. Сондықтан да білім алушылар оқып қана қоймай, өз өмірлеріне қажетті дүниелерді де бойларына сіңіре алады.

 —  Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз.

                                                                                             

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз