Жетісу облысында тұмауға қарсы екпе жұмыстары басталды

191

Жетісу облысында 2025-2026 жылғы тұмаудың жаңа эпидемиологиялық маусымына дайындық жұмыстары басталды. 29 қыркүйектен бастап өңірде «Тұмауға қарсы егілейік» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындарды иммундау шаралары қолға алынды. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 2 180 адам тұмауға қарсы екпе алды.

Жыл сайын облыста тұмауға қарсы вакцинация үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Биылғы эпидемиологиялық маусымға облысқа барлығы 82 мың доза вакцина сатып алынды. Оның ішінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 80 мың дозаны,  Кербұлақ  аудандық орталық ауруханасы 2 мың дозаны қамтамасыз етті. Бұл жоспар облыс  халқының  шамамен 12 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.

Екпе Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасымен жүргізілуде. Аталған вакцина республика бойынша, соның ішінде Жетісу өңірінде он жылдан бері қолданыста. Жалпы, облыста тұмауға қарсы иммундау жұмыстары 2010 жылдан бастап жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Иммундау міндетті түрде дәрігердің тексеруінен кейін, азаматтың денсаулық жағдайы бағаланған соң арнайы егу кабинеттерінде жүргізіледі. Қазіргі таңда облыс көлемінде 449 егу пункті ұйымдастырылған. Екпе бірінші кезекте қауіпті топтағы азаматтарға жасалады. Олар: балалар үйлері, қарттар мен мүгедектерге арналған интернаттардағы тұрғындар, иммунитеті әлсіз әрі жиі ауыратын балалар, созылмалы аурулары бар ересектер, медицина қызметкерлері және жүктіліктің 2–3 триместріндегі әйелдер.

Дәрігерлер тұмаудың алдын алу тек вакцинациямен шектелмейтінін ескертеді. Арнайы емес шараларды да сақтау қажет. Оған дәрумендер қабылдау, дұрыс және құнарлы тамақтану, сұйық тағамдарды молынан пайдалану, үй-жайды жиі желдетіп отыру, жеке бас гигиенасын сақтау, қолды сабынмен жуу, түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз-мұрынды жауып жүру, бетперде тағу және халық көп жиналатын орындарға бармау жатады.

Мамандардың айтуынша, тұмау әр жылы өзгеріп отыратындықтан, оған қарсы иммунитет тұрақты қалыптаспайды. Сондықтан уақтылы екпе алу – жұқпалы аурудың таралуына жол бермейтін ең сенімді әдіс. Денсаулық сақтау саласының өкілдері Жетісу облысы тұрғындарын белсенді түрде вакцинациядан өтуге шақырады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз