Жетісу гарнизонындағы 37-ші Десанттық-шабуылдаушы бригадасы дабыл бойынша көтеріліп жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді. Бұл туралы Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі хабарлайды.
Десантшылар кез келген тапсырманы орындауға сақадай сай. Жаңа кезең «Айбынды армия – тәуелсіздік кепілі» ұранымен жалғасты.
Жауынгерлік дайындық апталығының іс-шаралары хабарландыру жүйесінің тиімділігін тексеруге, штабтар жұмысының үйлесімділігін арттыруға және жауынгерлік әзірлікті жоғары дәрежеге келтіру кезіндегі іс-қимылдардағы жеке құрамның практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Әскери бөлім жоғары жауынгерлік даярлыққа келтірілді. Бұл шараның мақсаты – әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру болып табылады.
— Қарулы күштер қатарына шақырылғаныма үш айдың жүзі болды. Осы аралықта мен жауынгерлік даярлықтың қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін үйрендім. Мамыр айында Отан алдында салтанатты түрде ант бердім. Ендігі менің арманым халқыма адал қызмет ету, — деді қатардағы жауынгер Ардақ Ержанұлы.
Жазғы оқу кезеңі қараша айына дейін жалғасатын болады. Жаңа оқу кезеңі бойынша жеке құрамға жауынгерлік даярлықтың деңгейін көтеру бойынша нақты міндеттер қойылды.