Талдықорғандық диқандар көктемгі егістік жұмыстарына дайындалуда

237

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында  «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты.

 

 Қасиетті Жер ананың халықты азық-түлікпен, етпен, көкөніс түрлерімен қамтитын шағы жақындады. Көктем айы —  жер мен   егістік алқаптарды  баптайтын шақ. Осы  көктемгі дала жұмыстары   қалай атқарылып жатқандығы   турасында Талдықорған қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал  Секенұлы Зейнулдадан сұрап білген едік.

Мемлекет басшысы «ауылды қайта жаң­ғыртып, ауыл шаруашылығын дамы­туға көңіл бөлуіміз керек» деп атап өтті. Сондай-ақ, осы мақсатта салаға қатысты  міндеттер мен тапсырмалар берілді. Талдықорған қаласында көктемгі дала жұмыстарына орай қолға алынған шараға тоқталсаңыз?

— Қазіргі таңда қала диқандары көктемгі дала жұмыстарына дайындықты  қолға алды. Осы 2024 жылы қала аумағында себілетін егістік алқабы 6147,5 гектарға жоспарланып отыр.

 — Енді осыларға жеке-жеке тоқталсаңыз…

-Әрине, жоғарыда жалпы көлемін атап өттім.   Бұл жерде  дәнді дақылдар-1636,0 га құрайды.  Мәселен, бидай-507,0 га, арпа-562,0 га,  жүгері-527 га , сұлы-5,0 га болады.  Жалпы, майлы дақылдарға  бөлінген 1569,5 га жерге күнбағыс, сафлор, қытай бұршағы егіледі.  Бұлардан бөлек, 150 га қант қызылшасы, 618 га картоп, 1234,0 га көкөністер, 17 га бақша дақылдарын егу көзделген. Сондай-ақ, мал азығына қажетті жем-шөпті де ұмытпауымыз керек. Оның үлесі 923,0 га болады деп күтілуде.

-Бұл жерде биылғы қант қызылшасының үлесін айта кетсеңіз. Қандай шаруашылықтар бұл өнімді егуге ниет білдіруде?

  -Дұрыс айтасыз, бізде осы қант қызылшасын егуге талдықорғандық шаруа қожалықтары өз үлестерін  қосып келеді. Талдықорған қаласы бойынша қант қызылшасы 150 гектарға отырғызылады деп жоспарлануда.

Биыл тәтті түбірді «Жер – Ана» АӨК — 67 га, «Самай» ШҚ – 30 га, «Сапи» ШҚ – 3 га,«Сәмен» ЖШС — 10 га,«Бейсенбаев» ШҚ – 10 га, «Нурдаулет» шаруа қожалығы  – 5 га, «Тәжірибе» ЖШС – 20 га, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС – 5 га егуді жоспарлап отыр.

-Ауыл шаруашылығына қажетті нәрсе ол – минералды тыңайтқыш. Осы тыңайтқышпен қамту жағы қалай қарастырылуда?

-Ағымдағы жылы жалпы  484,5 тонна минералды тыңайтқышпен қамту  жоспарлануда. Бүгінгі күні шаруа қожалықтармен 172,4 тонна минералды тыңайтқыштар(аммофос 90,5 тонна, аммиак селитрасы 81,9 тонна) алынды. Қалған көлемді жаз және күз мезгілінде алуды жоспарға енгізіп отырмыз.

 Бұл ретте, барлығы 560 тонна  қажетті тұқым қоры дайындалды. Мәселен: бидай – 126 тонна, арпа – 85 тонна, жүгері – 12 тонна, қытай бұршағы – 300 тонна, сүрлемдік жүгері – 2 тонна, көкөніс пен бақша дақылдары – 5 тонна, картоп – 30 тонна.

Шаруаларға қажетті арзандатылған жанармаймен қамту жағы қалай шешілуде?

     -2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған дизель отынына өтінімдерді шаруа қожалықтар – bpm.gosagro.kz ақпараттық жүйесі арқылы берді. Қазіргі таңда  30 шаруа қожалық берген өтінімдер негізінде, барлығы 103,83 тонна дизель отыны мақұлданды. Наурыз айына 47 тонна жоспарланған. Бүгінгі күні 21 тонна қажетті  жанармай алынды.

-Көктемгі дала жұмыстары техника көмегінсіз жасалмайтындығы белгілі. Ауыл шаруашылық техникасы қаншалықты жаңаланды?

Баршаға белгілі, егістік жұмыстары жерді жыртудан және тырмалаудан басталады.  Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты жердегі ылғалды сақтау. Бұл  ылғалды кезең 30 наурыз бен 10 сәуір аралығы.   Одан кейін жерді тегістеу және егіс алдындағы жерді өндеу жұмыстары жүргізіледі (мерзімі егін жұмыстарынан 1-2 күн бұрын). Сондықтан көктемнің әр күнін тиімді пайдаланған жөн.  

Негізінен алғанда, көктемгі дала жұмыстарына  техникалар толығымен дайын.      Егістік басына  жіберілетін 169 трактор, 46 соқа, 25 сепкіш, 35 қопсытқыш, 168 жер тырмалары сақадай-сай.  Үстіміздегі  жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 3 бірлік  ауыл шаруашылық техникасын 60 млн. теңгеге сатып алды. Шаруа қожалықтар көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген «КазАгро» АҚ-нан 75 млн.теңге несие алды.

— Көктемнің әр күні шаруаларға тиімді болары сөзсіз. Егін егу жұмыстары басталды ма?

-Егін егу жұмыстары  қолға алынды. Дақыл түріне байланысты  белгіленген мерзімдерді жүргізілуде.  Мәселен, дәнді дақылдар 15-30 сәуір аралығында, майлы дақылдар 25 сәуір – 15 мамыр аралығында, қант қызылшасы 14-30 сәуір аралығында, көпжылдық шөптер 10-25 сәуір күндері, картоп және көкөністер мамыр айының 1-25 күндері. Осылайша,көктемгі дала жұмыстары  20-25 мамырға дейін  толық аяқталуы тиіс. Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың мерзімі ауа-райына байланысты 3-4 күнге өзгеруі мүмкін.  Ал шаруа қожалықтарына  қажетті су 1 мамырда беріледі  деп  жоспарлануда.

-Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет. Еңбектеріңіз өнімді де табысты болсын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз