Сәрсенбі күні Талдықорған қаласындағы Ынтымақ ауылында жаңадан бой көтерген мектептің салтанатты ашылуы өтті. Жалпы айтқанда жаңа мөлтек ауданынан 1200 орынды білім ошағының ашылу салтанатына Жетісу облысы білім басқармасының басшысы М. Сүлейменов, оқушылар, ата-аналар, білім саласы қызметкерлері, ардагерлер, тұрғындар қатысты.
Марат Бекбосынұлы: «Құрметті оқушылар, ұстаздар, ата-аналар! Бүгін бәріміз үшін үлкен қуаныш. Жаңа жылда білім ордасы іске қосылып, балалар үшінші тоқсанда жаңа мектептің табалдырығын аттап отыр. Осы қуанышпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 7 мектеп салынады, соның 3-уі Талдықорған қаласында тұрғызылады.
Айтар болсақ, өткен жылы 10 білім нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған, соның бірі – осы Ынтымақ ауылындағы бүгін есігін айқара ашып отырған 1200 орынды білім ордасы. Жаңа мектеп жаңаша жұмыс істеп, білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті, талапты да шығармашыл, зерделі де дарынды жас ұрпақ тәрбиелеп шығатынына сенемін. Жаңа мектептің ашылуы құтты болсын!».
Салтанатты жиында білім саласының ардагері, ұлағатты ұстаз Мінуар Құсманқызы сөз алып, ақ тілегін білдірді. Керілген лента салтанатпен қиылды. Мердігер компания басшысы С. Халимолдаев білім ошағының директоры Сәуле Үсеноваға ғимарат кілтін табыстады. Мектептің құрылысын 2021 жылы мердігер компания «Гунн Строй сервис» ЖШС серіктестігі қолға алған болатын. Бұл мердігер компанияның бас директоры Сәбит Нұрәділұлының айтуынша, құрылысқа негізінен отандық өнім қолданған. Жалпы құрылыс жұмыстарына 3 млрдтай қаржы жұмсалған.
Жаңа мектеп оқушылардың сапалы білім алуына заманауи талапқа сай жабдықталыпты. Мектепте 50 орындық оқу залымен кітапхана, спорт зал, гимнастикалық зал, 405 орындық асхана, 390 орындық мәжіліс залы, 2 физика, 2 –химия, 2- биология — жаңа модификациялы кабинетттер, 4 – мультимедиялық кабинет, кәсіптік салаға баулитын 2 ер балалар шеберханасы, 2 қыз балаларға арналған шеберханалар бар.
Қазіргі уақытта мектепке 31 сынып комплексімен 661 оқушы қабылданды. Оның ішінде, Өтенай ауылындағы №21 орта мектептің 13 сынып өз жетекшілерімен 345 оқушы осы мектептің оқушысы атанып отыр. Оқушыларды тасымалдау мәселесі шешілді, арнайы көлік бөлініп отыр.