Мобильді аударымдар мен төлемдерді мемлекет тарапынан бақылау шарасы жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шотқа жібереді. Сонымен қатар, аударымдар көбінесе түбіртек берілмей қабылданады. Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған бизнес- шоттарға төлем қабылдау ұсынылады. Себебі, әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғаларға кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі. Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені олар жеке тұлғаның табысына жатпайды.
Жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді. Сондай-ақ, кірісті жасырғаны үшін — төленбеген соманың 200 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда 300 пайызға өседі. Ал чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін (198 100 теңге) айыппұл салынады. Айта кету керек, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы қайырымдылықпен айналысып жатқан азаматтар бар. Олар көбінесе жеке шоттарын пайдаланады. Алайда, бұл шара кәсіпкерлік бағыттағы жұмысқа жатпайды. Бұндай жағдайда басқарма тарапынан төлемдердің мақсаты мен себебін анықтау бойынша тексеру жүргізіледі. Қайырымдылық көмек ретінде қабылданғаны туралы растайтын құжаттар болған жағдайда салық салынбайды. Ал, жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы жасауға болады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады, сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған, олар — банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кез келген дүкен немесе сауда нүктесінің иесі тұтынушыға төлем жасау қалай ыңғайлы болса, сондай тәсілде төлеуге мүмкіндік беруі тиіс. Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының айтуынша кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады . Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту, фискалды чек бермеу фактілері туралы тұрғылықты жер бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет екендігін атап өткен жөн.
Жалпыға бірдей декларация
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті:
-әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
-жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;
-сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Ақпарат жалпыға бірдей декларациялау кезеңдеріне сәйкес беріледі. Яғни, 2023 жылы банктер 2022 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырған мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тапсырып қойды. Ал 2024 жылдан бастап мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайларының тізімдері қалыптасады. Осылайша, алдағы жылы жалпыға бірдей декларацияның бірінші және екінші кезеңдерінің қатысушылары туралы 2023 жылғы ақпарат берілмек. 2025 жылдан бастап оларға жеке кәсіпкерлер (ЖК), заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, ал 2026 жылдан бастап 2025 жылдан декларация тапсыруға тиісті қалған қазақстандықтар қосылады. Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», «Halyk Bank», «BankCenterCredit» мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ, азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті №1 камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Ринат Жамаубаев «Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Бүгінде бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді – салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4%-ды ғана құрайды. Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асырылады. Яғни, барлық салық төлеушілер тең болуы және алынған табыстан салық төлеуі тиіс.Мемлекеттік кірістер комитеті қазір бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, азаматтар қажетті ақпаратты алу үшін: 1414 нөмірі бойынша байланыс орталығына, жалпыға бірдей декларациялау мен мобильді аудармалар бойынша сұрақтарды Telegram мессенджеріндегі чатқа, мемлекеттік кірістер басқармаларының әрқайсысында ақпараттық қолдау көрсету үшін «Консультативтік орталықтарына» хабарласа алады»-деп түсіндіру шаралары салық органдарының берік ұстанымы екендігін атап өтті.